Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілердің жедел әрекет етуінің нәтижесінде жеке тұрғын үйден шыққан өрт сөндірілді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Павлодар облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 16 ақпан күні сағат 05:30 шамасында Екібастұз қаласының Степной – Беркімбаев көшесіндегі учаскені патрульдеу кезінде полиция лейтенанты Ернұр Қабдуахит пен полиция кіші лейтенанты Азат Даныбаев жеке үйлердің бірінен түтін шығып жатқанын байқаған.
Дереу сол үйге қарай бағыт алдық, аулада монша мен гараж өртеніп жатты. Біз бірден жүгіріп, қауіп төніп тұрғанын сезбей ұйқыда жатқан үй иелерін дереу ояттық. Содан кейін өрт сөндірушілерін шақырып, өртті сөндіруге көмектесе бастадық, – деді полиция лейтенанты Ернұр Қабдуахит.Өрттен аман қалған отбасы полицейлерге алғысын білдірді.
Біз полиция лейтенанты Ернұр Қабдуахит пен полиция кіші лейтенанты Азат Даныбаевқа бізге көмектескені үшін алғыс білдіргіміз келеді. Олар дер кезінде әрекет етіп, өмірімізді сақтап қалды. Осындай жанашыр ұлдарды тәрбиелегені үшін ата-аналарға алғыс айтамыз, – деді отбасы.