Павлодар облысы. BAQ.KZ. Екібастұз қаласында шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында шағын индустриалды аймақ ашылды.
Арнайы аймаққа 18 кәсіпкер орналасып, оларға сенімді уағдаластық аясында өндірістік алаңдар берілді. Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, "Өркен" атты шағын индустриалды аймақ - пилоттық режимде жүзеге асырылған жоба.
"Өркеннің" аймағында әзірге 18 кәсіпкер жұмыстарын атқарып жатыр. Олардың басым бөлігі киім-кешек, аяқ киім тігу сияқты жеңіл өнеркәсіптерін дөңгелетуде. Мәселен, алты бизнесмен ағаштан жиһаз және өзге тұрмыстық заттарды жасайды. Азық-түлік өнімдерін әзірлеп, сабын қайнататындары да бар. Тағы екі кәсіпкер медициналық және полиграфиялық қызмет көрсетеді, - дейді Екібастұз қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Медет Шоқанов.
Маманның айтуынша, бұған дейін алты екібастұздық жұмыссыздар санатында болған. Кейін мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке істерін ашқан. Ал тағы 12 кйсәпкердің жеке ғимараттары болмапты. Олар өнімдерін өз үйлерінде шығаруға мәжбүр болған. Енді жаңа жұмыс орындары көбейді.
Шағын индустриалдық зонаның қатысушылары арасында көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Олар өндірістік ғимараттың коммуналдық төлемдерін ғана өтейді. Қыс мезгілінде бір шаршы метр үшін жылу мен су үшін 500 теңгеден шығады. Ал жазда - 100 теңге. Ал электр энергиясы есептегіш бойынша төленеді, - дейді Медет Шоқанов.
Жалпы, шағын индустриалдық зонада шығарылатын өнімнің көлемі жылына 80 млн теңген құрайды. Ал жыл сайынғы өсім 5%-ды құрайды деп күтілуде. Ал салықтық төлемдер 2 млн теңгеге жетпек.
Айта кетейік, бүгінде кеншілер шаһарында 9 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп тұр.