Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Екібастұз жылу электр станциясындағы апат кезінде көз жұмған Ержан Жақсылықовтың өліміне қатысты жүргізілген тексерістің қорытындылары жарияланды.
«Тексеріс нәтижесінде жылу электр станциясының директоры, бас инженері, ауысым басшылары, аға механиктер, бас-аяғы 10-нан астам маман жауапты деп танылды. Қайғылы оқиғаның болуына бірқатар себеп бар. Біріншіден, көз жұмған жұмысшы арнайы оқу курстарынан өтпеген. Екіншіден, №8 қазандықтың құбырындағы ақау өткен жылдың желтоқсанында анықталған. Дегенмен, бұл жайтты мамандар ақаулар журналына тіркемеген. Сәйкесінше, жауапты тарап ешқандай шара қолданбаған. Тексеріс қорытындыларын ішкі істер органдарына жолдадық. Нақты шешімді полиция қызметкерлері шығарады», - дейді Асқар Қапанов.
Еске салсақ, оқыс оқиға қаңтар айының 26-нан 27-не қараған түні болды. Аталмыш жайтқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 156-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 40 жастағы азамат өндіріс орнында көз жұмды. Ауысым бастығы Ержан Жақсылықов құбырдан шыққан буға күйіп, қайтыс болды. Оның температурасы +450°С құраған.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыстың өндіріс орындарында 30 қайғылы оқиға анықталған. Екі дерек жұмысшы өлімімен аяқталған.