Қостанай және Астана аумағында жалған АҚШ долларын таратумен және сатумен айналысқан бір топ азаматқа жаза кесілді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай 5 азаматтан құралған топ жалған купюраларды таратумен айналысқан. Атап айтқанда Шарапиев С. Қостанайда және өңір аумағында, сондай-ақ Астанада жалған АҚШ долларын сатып, валюта тауып әкелумен айналысқан. Ал Жакупов Т. және Шаймердинов А. Қостанай облысының аумағында купюра сатумен айналысқан. Бұдан бөлек ерлі-зайыпты Бердімұратовтар Астана аумағында жалған ақшаны тарату жұмыстарын жүргізді.
ҚР ҚМА баспасөз қызметі мәлім еткендей, 30 000 жалған доллардың 28 600-і сотқа дейінгі тергеу барысында анықталып, тәркіленді.
Аталған қылмыстарды жасағаны үшін сотталушыларға «Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу» бабымен, сондай-ақ жәбірленушілерді алдау фактілері болғандықтан, «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды. Сот үкімімен Шарапиев С. ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 5,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына, Шаймердинов А. мен Жакупов Т. орташа қауіпсіздік мекемесінде 5,5 жылға дейін, Бердімұратовтар отбасы шартты түрде 5 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды, - делінген ҚМА таратқан ақпаратта.
ҚМА мемлекеттің қаржылық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін «көлеңкелі» экономика саласындағы қылмыстар фактілерін ашуға бағытталған іс-шараларды жалғастыратын болады. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.