Ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысы шектелді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қызылорда облысында 2026 жылғы 27 қаңтар сағат 20:00-ден бастап «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының 1486–1806 шақырым аралығында, яғни Мирас нысандық қызметінен Қызылорда қаласына дейінгі учаскеде барлық көлік түрінің қозғалысына шектеу қойылады. Жолды 28 қаңтар сағат 08:00-де ашу жоспарланған.
Маңғыстау облысында 27 қаңтар сағат 21:00-ден бастап «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» автожолының 338–718 шақырым аралығында (Бейнеу – Жетібай елді мекендері арасында) көліктің барлық түрі үшін қозғалыс уақытша тоқтатылады. Бұл учаскені 28 қаңтар сағат 10:00-де ашу көзделіп отыр.
Жүргізушілерден жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын ескеріп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау сұралады.