Екі мекеме өзара ынтымақтастық келісімшартына қол қойды

23 Шілде 2022, 09:30
1654
Бөлісу:
Екі мекеме өзара ынтымақтастық келісімшартына қол қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  ҚР Ұлттық архивіне ҚР МСМ Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің «Геральдикалық зерттеулер орталығы» директоры Асылбек Баяжұма жұмыс барысымен келіп, Ұлттық архив директоры Сағила Нұрлановамен кездесті.

Кездесу барысында мекеме басшылары Өзара ынтымақтастық келісімшартына қол қойып, еліміздің жаңа тарихын зерттеуде, ғылыми айналымға енгізуде, ғылыми, мәдени шығармашылықты нығайтуға байланысты тікелей және өзара тиімді ынтымақтастықты орнату, ұлттық мәдени және жазба мұрасын сақтау саласында бірлесіп жұмыс жасау жоспарларымен бөлісті.

Келісімшарттың мақсаты – екі жақтың мүмкіндіктері мен ғылыми-зерттеу қызметтерін тиімді пайдалану және мәдени мұраны сақтау, өзара кәсіби мамандармен тәжірибе алмасу, ғылыми-практикалық зерттеулер жүргізу, бірлескен ғылыми іс-шараларға қатысу, тарихи қолжазбалар мен ғылыми ақпараттар алмасу, жоғары білікті ғылыми кадрлар мен мамандарды даярлауда ынтымақтастық орнату. 

Биыл Мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Бұл болашақ ұрпаққа үлкен өнеге әрі мақтаныш. Осы ұлттық құндылықтарымызды одан әрі ұлықтап, жастардың оларға деген құрметін арттыра түсуде біздің мекемелеріміздің атқарар рөлі, қосар үлесі зор. Сондықтан болашақта бірлесіп жаңа жобалар әзірлеп, зерделі зерттеулер жасауда өзара әріптестігіміз нығая беруіне мүдделіміз, - деп атап өтті Ұлттық архив директоры Сағила Есімсейітқызы.

Екі мекеме өзара ынтымақтастық келісімшартына қол қойды

 «Геральдикалық зерттеулер орталығының» директоры Асылбек Баяжұма да өз кезегінде бүгінгі келісімшарттың маңыздылығына тоқталды. 

Геральдикалық зерттеулер орталығы» қазіргі таңда көптеген зерттеулермен айналыасып жатыр. Соның бірі Қазақ хандығының нақты Туын анықтау болып отыр. Өйткені қазіргі кезде түрлі тарихи фильмдер мен интернет-ресурстарда жалған деректер келтірілуде. Бұл жас ұрпақты адастырады. Сондықтан біз Ұлттық архив сияқты тарихи құжаттардың алтын қоймасы болған мекемелермен тығыз жұмыс жасап, тарихи әділеттілікті орнатуда жан-жақты зерттеулер жүргізуді жөн санаймыз, - деді Асылбек Баяжұма.  

Кездесу аясында ҚР Ұлттық архивінің директоры С. Нұрланова Геральдикалық зерттеулер орталығының делегациясына құнды құжаттар сақталған қоймалар мен көрмелерді көрсетіп, архив жұмысымен таныстырып, Ұлттық архив жарыққа шығарған басылымдар мен жинақтарды сыйға тарту етті.

Өзгелердің жаңалығы