Екі мегаполисте притон ұстаған қылмыстық топ ұсталды

4 Қазан 2021, 11:29
3539
Бөлісу:
Екі мегаполисте притон ұстаған қылмыстық топ ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз брифингте айтты.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының криминалдық полиция қызметкерлері эротикалық массаж салондары деген желеумен жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысу үшін притондар ұстаумен айналысқан Өзбекстан мен Қазақстан азаматтарынан тұратын қылмыстық топтың жолын кесті, - деді ол.

Ол атағандай, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында қылмыстық бизнес ұйымдастырған 8 адамнан тұратын топ анықталды.

Олар өзара міндеттерді бөлісіп, заңсыз әрекеттер жасаған. Қылмыскерлер «OLX», «SATU» интернет желісінде, «Telegram» әлеуметтік желілерінде хабарландыру жариялап, қыздарды жалақысы жоғары жұмысқа тұру мүмкіндігі туралы жалған ақпарат берген. Содан кейін оларды жезөкшелікпен айналысуға тарта отырып, кастингтер өткізген. Қыздардың жасы 20-дан 30 жасқа дейін болған, - деді Ораз.

Оның айтуынша, притондар элиталық коттедждерде ұйымдастырылып, тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеген.

Күнделікті табыс қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы топ ұйымдастырушысына аударылып, табыс көлемі айына 10-12 миллион теңге болған. 1 қазанда Алматы мен Нұр-Сұлтанда қылмыскерлерді ұстау бойынша арнайы операция өтті, тінту жүргізілді, заттай дәлелдемелер алынды, - деді ол.

Нұрділдә Ораз атап өткендей, қазіргі уақытта ҚК-нің 262-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды (ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және оған басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу), тергеу жүргізіліп жатыр.

Ұйымдастырушылар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жыл басынан бері полиция адам саудасына байланысты 136 қылмыстық іс тіркеді, оның ішінде 7-уі адам саудасына және 16 кәмелетке толмаған адам саудаға қатысты, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы