Атырау облысында екі мәдениет үйі пайдалануға берілді

24 Мамыр 2019, 08:35
7200
Бөлісу:
Атырау облысында екі мәдениет үйі пайдалануға берілді
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Заманауи кешендегі көрермендер залының сыйымдылығы - 200 орын. Сонымен қатар, кітапхана, оқу және би залы, түрлі үйірмеге арналған бөлмелері бар. Дегенмен ауылда мәдениет саласының мамандары тапшы.

Индер ауданында қос бірдей қоғамдық мәдени орталық ашылды. Облыс басшылары алдымен Бөдене ауылындағы мәдениет үйін салтанатты түрде ашып, ауыл халқын құттықтады.

«Біздің Бөдене ауылы үшін өте қуанышты күн. Біз жаңа мәдениет үйіне көшіп жатырмыз. Мамандар жетіспейді. Алдағы уақытта өнерге бейімі бар ауылдық жастарды осы салаға оқытып аламыз. Қолымыздан келетін барлық мүмкіндікті жасап, осы ауылымыздың мәдениетінің өркендеуіне зор үлесімізіді қосамыз», - дейді мәдениет үйінің директоры Тамара Жылқышиева.

Атырау облысында екі мәдениет үйі пайдалануға берілді

Бөдене ауылының өнерпаздары жаңа сарайдың сахнасына әнмен шашу шашты.

«Біз бұл күнді көп күттік. Мен осы ауылда 82 жылдан бері қызмет атқарып жатырмын. Клубтың жоқтығынан барымызды көрсете алмай жүрген едік. Небір қиын сәттер өтті. Соның барлығы артта қалып, бүгін міне, кең сарайлы ғимарат пайдалануға беріліп жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Өнеріміз бен мәдениетіміз өркендей берсін»,-деді «Бөдене» ауылының тұрғыны, мәдениет саласының ардагері Жалғасбай Кенжеғұл.

Атырау облысында екі мәдениет үйі пайдалануға берілді

Тағы бір 300 орындық мәдениет үйі Есбол ауылында ашылды. Сәулеті ерекше кешенді салуға қолдау жасаған әкімдік өкілдеріне ауыл ардагерлері ризашылығын білдірді. Екі мәдени орталық та «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы арқылы салынған. Қос нысанның құрылысына бөлінген қаржы - 1 млрд 300 млн теңге.

Атырау облысында екі мәдениет үйі пайдалануға берілді

«Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ТШО компаниясы 86 әлеуметтік инфрақұрылымдық нысандар салып берді. Міне, осы бүгін Есбол мен Бөдене ауылдарында жаңадан мәдениет үйін пайдалануға беріп жатырмыз. Бұл - «Теңізшевройл» компаниясының Атырау облысының халқына арнаған сыйлығы. Ауыл мәдениетінің дамуына, жас өнерпаздардың өркендеп өсуіне тілектеспіз», - деді «ТШО» компаниясының менеджері Әсет Құрманбаев.

Атырау облысында екі мәдениет үйі пайдалануға берілді

Мердігер «РайымбекСтройСервис» ЖШС құрылысты 2016 жылы бастаған. Мекеме мәдениет үйлерін музыкалық аспаптармен де жабдықтаған. Сонымен қатар, ғимараттың аумағын көгалдандыруды да өз міндеттеріне алған.

Өзгелердің жаңалығы