Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов жалпы отырыста кәсіпкерлердің мәселесін көтеріп, негізгі проблеманы атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бізге көп өтініш түседі. 2019 жылы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Бірақ шағын және орта бизнестің берілген осындай мүмкіндікті пайдаланып, дамуына біресе пандемия кедергі болды, біресе инфляция келіп ұрды. Енді 2024 жылдан бастап мораторий аяқталады деп отыр. Олар қазір екі көзі бақырайып, бізді қайта тексере бастайды деп қорқып отыр. Тексеру қалай болатынын білесіз. Анау келіп бір пара сұрайды, мынау келіп бір пара ұстайды, - деді Зайытов.
Депутат кәсіпкерлерді қолдау үшін қандай шаралар қабылданатынын сұрады.
Осы ретте шағын және орта бизнесті қолдауда қандай әрекеттер жасалынады? Бұл - бірінші сұрақ. Екіншіден, ауылды жерлерде малды бағады, етін сатайын десе оны дұрыс бағамен сата алмайтынын білесіз. Не тері өңдей алмайды не жүн өңдей алмайды я болмаса ет өнімдерін өңдеп сата алмайды. Осы бағытта қандай бағдарламаларыңыз бар және ол қашан басталады? – деп сұрады Ринат Зайытов Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтан.
Ведомство басшысы осы жылдың соңына дейін тиісті мораторий шағын бизнеске ұзартылғанын атап өтті. Сөзінше, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Үкімет 70 қадағалау саласында жаңа тәуекелдерді басқару жүйесін енгізіп жатыр.
Оның мағынасы қандай? Осындай тексерулер тек қана автоматтандырылған, жасанды интеллектпен адамның қатысуынсыз анықталатын кестесі жасалады. Сол себепті осындай физикалық тексерулер жайдан-жай белгіленбейді. Болжамымыз бойынша осындай тексерулер екі есе қысқартылады, - деді министр.
Қуантыров субъектілердің әкімшілік жауапкершілікке тартылуы да бірнеше есе қысқырталатынын айтты. Салық және басқа әкімшілік жүктеме айтарлықтай төмендейді.
Екінші сұрақ бойынша бақылау күшінде қалады. Бағаларды және ет сапасын, ауылшаруашылығының басқа өнімдер сапасын тексеру керек. Қазіргі таңда Кәсіпкерлік кодексте мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің тиісті тексерулерді жүргізуге мүмкіндігі бар, - деп түсіндірді Әлібек Қуантыров Мәжілісте.
Оның сөзінше, Агро кредиттік корпорацияның қаржыландыру бағдарламалары, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бар. Министр ауылшаруашылығына қаражат керек болса бөлуге болатынын айтты.
Бүгін Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырғанын айта кетейік.