Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатта Мәулен Әшімбаев Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоппен кездесті. Сенат төрағасы кездесу барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестікке, сондай-ақ тарих, мәдениет және тілдердің ортақтығына негізделгенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған екі елдің өзара қарым-қатынасын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттеріміз арасындағы бауырластық байланыстарды одан әрі нығайтуға баса көңіл бөліп келеді.
Тараптар ынтымақтастықтың қазіргі жоғары деңгейін екіжақты және көпжақты сипаттағы парламенттік дипломатия аясында нығайтуды жалғастыру маңызды деген ортақ пікірге келді.
Алдағы кезеңде бізге екі ел парламенттері арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтудың маңызы зор. Біз салалық комитеттердің ынтымақтастық топтарының кездесулерін тұрақты өткізіп, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, заңнамалық тәжірибемен бөлісе аламыз. Мұндай алаңдарда екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мен халықаралық күн тәртібі бойынша ортақ ұсыныстарды талқылауға және қалыптастыруға болады, - деді Мәулен Әшімбаев.
Тараптар әңгіме барысында логистика, цифрлық технология, ғарыш, туризм, мәдениет, білім беру және сауда-экономикалық қатынастар салаларындағы әріптестікті дамытудың келешегін талқылады.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев кездесу соңында Қазақстан мен Түркия арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан зор үлесі үшін әріптесіне алғыс айтып, бұл сапар парламентаралық ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.