Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа ғана шағын форматта күн тәртібіндегі бүкіл мәселелерді өте мұқият әрі іскерлік атмосферада талқыладық. Күн тәртібі кең ауқымды болды. Біздің ынтымақтастығымызға қатысты ортақ пікірге келіп, үкіметтерімізге тиісті тапсырмалар бердік. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Мен, президент ретінде, бұл жұмыстардың орындалуын мұқият түрде қадағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент көрші екі ел арасында қандай да бір мәселелер жоқ екенін айтады.
Бүгін бірқатар келісім, ортақ мәлімдемелер, декларацияларға қол қойылады – бұның бәрі, сөзсіз, өте маңызды. Мен біздің ынтымақтастығымыздың жоғарылағанын және оң динамикаға ие болғанын атап өткім келеді, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл іс-шаралар Ресей мен Қазақстанның сауданың сәтті дамуына, инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне және гуманитарлық-білім беру саласындағы байланыстардың да жоғарылай беруіне ықпал ететінін айтты.
Президент екі ел арасындағы сауда айналымы артып жатқанын сөз етті. Оның сөзінше, инвестициялық ынтымақтастық аясында Қазақстанда жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 93 жоба іске асырылып жатыр.