Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура инвестициялық жобаларды қолдау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Прокурорлық сүзгі» жобасы аясында мемлекеттік органдардың инвесторларға қатысты негізгі шешімдері келісіледі.
Инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде мемлекеттік органдар қабылдаған шаралардың толықтығын бағалау мақсатында, инвестицияларды тарту жөніндегі міндеттерді орындау үшін Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының прокуратурасы аудан әкімдігі мен мемлекеттік кіріс органдарына қажетті материалдармен қамтамасыз ету туралы талап жолдады.
Алайда, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік кірістер басқармасы бөлімінің басшылары прокуратураның заңды талаптарын елемеді.
Бұл қадағалау органының жауабынсыз қалмады. Нәтижесінде 2024 жылғы 2 және 14 ақпандағы Самар ауданы сотының қаулыларымен прокурордың талаптарын орындамағаны үшін жоғарыда аталған уәкілетті органдардың басшылары ӘҚБтК-нің 665-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.