Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта облыстың үш қаласындағы 300-ге тарта үй табиғи газ пайдалануға дайын.
Бұл туралы облыс әкімі есеп беру кезінде айтты.
1061 шақырымды құрайтын "Сарыарқа" магистралды газ құбырының 765 шақырымы Қарағанды облысының аумағынан өтеді. Жоба аяқталғанда аймақтың 100 елді мекенінде тұратын 1 млн 100 мың халық пен 700 кәсіпорын табиғи газға қосылады деп күтілуде. Бұл әрине уақыт еншісінде. Әзірге Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларындағы алғашқы үш жүз үйге газ жіберіледі.
Жоба белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Магистралды газ құбырын салудағы жұмыстар алдағы екі айдың ішінде Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларындағы 300 үйді газға қосуға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы биылғы жылы облыс бойынша 6500 адам табиғи газбен қамтылатын болады. 2021 жылы 7000-ға тарта үй, яғни 17 мыңға тарта тұрғын газға қосылады. Жаңаарқа ауданының Атасу, Осакаровка ауданының Осакаровка, Шет ауданының Ақсу-Аюлы және С.Сейфуллин, Бұқар Жырау ауданының Ақтау және Мұстафина елдімекендері мен Шахтинск қаласында газ бөлу желілерінің құрылысын бастаймыз», - деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.