Спорт шыңын бағындыру, қиындықтарды жеңу, және өзіне деген сенімділікті арттыру — параспортшының күнделікті өмірі мен күресінің бір бөлігі. Спортта да, өмірде де күресіп чемпион болып жүрген, Риода өткен паралимпиада ойындарында пауэрлифтингтен әйелдер арасында 67 келі салмақ дәрежесінде күміс медаль иеленген Раушан Қойшыбаевмен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Спорттағы алғашқы қадамдарыңыз қалай басталды?
Алғашқы спортқа деген қадамым Алматы облысы, аудан орталығындағы спорт мектебінен басталды. Ол кезде паэурлифтингтен деп аталатын, қазір пара деген сөз қосылды. Яғни штанганы жатып көтеретін спорт түрі. Соған қатысып көргеннен кейін бірден ұнады. Қызығушылығымның арқасында тез нәтиже бере бастадым. Бір жағынан денсаулығыма пайдалы екенін байқап өзімді жақсы сезіндім. 3-4 айдың ішінде Талдықорған қаласында өткен облыстық турнирге келдім. Сол жерден 1-орын алып, әрі қарай қызықтым. Қазақстан чемпионатына баруды армандадым. Әрі қарай сол жарысқа дайындыққа кірістім. Спартакиадаға барып, ол жақтан да чемпион атандым. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген меүгедектігі бар адамдардың жетістікке жетіп жатқанына көзім жетіп, одан сайын өзіме мотивация болды.
- Қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
Мен спортпен айналысып жүргенде балаларым кішкентай болды. Үлкен қызым 6 жаста, ортаншы бала 5 жаста, кішкентайым 2 жаста болды. Соларды бірге алып дайындалып жүрдім. Осы кезең қиындау болды. Алайда сол сәттен өту үшін тырмысып, алға қарай ұмтылдым. Аяғымдағы протезмде ыңғайсыз болды. Мектептеріне алып барамын, жаттығуым бар. Дайындық кезіндегі құрал-саймандарымыз да жеткіліксіз болатын. Бірақ жоқтан бар жасап, жаттығуды жалғастырдық.
- Физикалық дайындықпен қатар психологиялық дайындыққа қаншалықты мән бересіз?
Қазір көп жерде жағдай жасалған. Бапкердің айтқан тапсырмаларын өз орнымен орындасаң барлығы жақсы болады. Сондай-ақ , режимді уақытылы сақтау керек. Ал психологиялық дайындық ол өте ауқымды дүние. Оған отбасы, жақындарың, ішкі күй бәрі әсер етеді. Бірақ әр адам өз-өзін жеңуі керек. Кейде жарыстарда қатарынан жеңіп, бір сәтте жеңіліп қалатын сәт болады. Сол кезде барлығын ой елегінен өткізесің. Қандай кемшілік болды, әрі қарай жетістікке жетудің қамын жасайсың.
- Спортта жоғары нәтижеге жету үшін қандай дағдылар мен қасиеттер маңызды?
Табандылық, қайсарлық керек. Ешқандай қиыншылыққа қарамай, өзінің жұмысын тиянақты жасаса өседі. Әрбір адам өзіне арман, мақсат қояды. Соған қол жеткізу үшін күресу керек. Еңбектеніп, тер төгу маңызды.
- Қазақстандағы паралимпиадалық спорттың дамуы туралы не ойлайсыз?
Пара спорт түрлері елімізде дамып келе жатыр. Оның көрсеткіші паралимпиада ойындарында әрбір спорт түрінен жетістікке жетіп, жүлдегерлер саны артуда. Бапкерлердің білімі, еңбегі мен ұстанымдарының арқасында деп ойлаймын. Өмірде түрлі қиындық көрген, мүгедектігі бар жандар параспортқа қызығушылығы артып, бейімделіп келеді. Бірақ мәселе де жоқ емес. Осы параспортқа медицина қызметкерлері жетпей жатады. Соған назар аударса екен. Сондай-ақ параспортқа баратын жандарға ыңғайлы спорт нысандары керек. Көліктердің санын көбейтсе деген ұсыныс бар. Себебі осы жолды жүріп өткен адам ғана түсінеді.
- Сұхбат бергеніңізге рахмет!