Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирустың күшейуіне байланысты Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына 19 наурыздан бастап енгізілетін карантин кезінде қандай шектеулер қойылады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
19 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап енгізілетін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының аумағына адамдардың кіруін/шығуын шектеу келесі санаттағы тұлғалар үшін қолданылмайды:
- бұған дейін қаладан шығып кеткен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындары қалаға оралған жағдайда;
- бұған дейін қалаға кірген басқа өңірлердің тұрғындары қаладан шығатын болса;
- бұған дейін шетелдерге шығып кеткен ҚР азаматтары (олар Қазақстан Республикасына оралған жағдайда);
- бұған дейін елден шығу үшін ҚР аумағына кірген және елден шығып кету мақсатында әуе көлігімен шығатын шетелдіктерге;
- шетелдіктер (азаматтығы жоқ тұлғалар), Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға;
- бұған дейін шетел мемлекетінің аумағына шығып кеткен ҚР азаматтары Қазақстан Республикасына оралған жағдайда;
- емделу үшін шетелге шығатын ҚР азаматтарына, олардың денсаулық сақтау мекемелерінің растаушы құжаттары болған жағдайда;
- елдің және шетел мемлекеттерінің дипломатиялық қызметінің персоналы және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ Қазақстанға ҚР Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша бағыт алған шетел мемлекеттерінің және халықаралық ұйымдардың делегация мүшелеріне;
- пойыз және локоматив бригадаларының мүшелеріне, сондай-ақ теміржол тасымалы процесіне қатысатын тұлғаларға, әуе, теңіз көліктерінің экипажына, халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын жүк автокөлігі құралдарының жүргізушілеріне;
- Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасы мүшелері болып саналатын шетелдіктерге (туыстық байланыс фактісі - ері (зайыбы), олардың ата-аналары мен балалары екені расталған жағдайда);
- Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмыс істейтін, қала маңы аумақтарында тұратын тұрғындарға;
- әуе және темір жол транзиті қатынасымен жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарына;
- басқа да ерекше жағдайларда, мұндай жағдайлар COVID-19-бен күресу жөніндегі қалалық штабтарда дербес тәртіпте қаралады.