Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккен екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы бір адам травматология бөліміне жатқызылса, біреуі үйіне жіберілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы «Центр плова» дәмханасында болған жарылыстан зардап шеккендердің қазіргі жағдайына тоқталды.
Ведомство дерегінше, жансақтау бөліміндегі екі пациенттің жағдайы әлі де ауыр. Аурухана қызметкерлері оларға тәулік бойы қажетті медициналық көмек көрсетуде.
Бір пациент ауруханадан шығарылды, тағы біреуі травматология бөлімінде комбустиологтардың бақылауында. Щучинск қаласындағы «Авиценна-Бурабай» стационарында қазір науқастар жоқ. Олар облыстық көпбейінді ауруханаға ауыстырылды, – деп атап өтті басқарма өкілдері.
Еске салайық, 26 ақпан күні сағат 21:57 шамасында Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан жеті адам қаза тапты.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.
26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.
Айта кетейік, Щучинскідегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. ТЖД жанынан жедел желі ашылды.
Кейін жарылыстың бір куәгері әріптестерімен бірге зардап шеккендерге көмек көрсеткенін айтты.
Белгілі болғандай, Ақмола облысы Щучинск қаласы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың айтуынша, жарылыс ауызашар уақытында болған жоқ. Зардап шеккендердің арасында кішкентай балалар болмаған.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.
Кейіннен қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті. Одан кейән қайтыс болғандар 11 адам болды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Щучинск қаласындағы кафеде болған жарылыстан тоғыз адамның қаза табуына байланысты оқиғаға дейін нысанды тексеруге тиіс болған инспекторлардың жауапкершілігі туралы айтты.