Еркебұлан Амантаев - "әдемі нөмір" алу, диспансерден анықтама және т.б. туралы

16 Ақпан 2019, 10:55
7605
Бөлісу:
Еркебұлан Амантаев - "әдемі нөмір" алу, диспансерден анықтама және т.б. туралы
VIDEO

 

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2013 жылы Астана қаласында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылған болатын. Орталық 18 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Оның ішінде 11 мемлекеттік қызмет түрі көліктерге қатысты болса, қалған 7 мемлекеттік қызмет түрі жүргізу куәлігіне қатысты. Орталыққа күніне қанша адам келіп, қанша мемлекеттік қызмет түрін алады? Көлік жүргізу куәлігін үйде отырып-ақ рәсімдеу қалай жүзеге асырылады? Жүргізуші куәлігін рәсімдеу үшін Egov.kz порталы арқылы алынған №086 анықтамасы не себепті жарамсыз болып саналады? Жоғары сұранысқа ие көлік нөмірлерінің бағасы қандай? Осы және көлікке қатысты басқа да сұрақтарға Астана қаласы бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Еркебұлан Амантаев жауап берді.

BAQ.KZ: Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы қашан құрылды?

Еркебұлан: Бұл орталық алғаш рет 2012 жылы желтоқсан айында Қарағанды қаласында ашылса, 2013 жылы қыркүйек айында Астана қаласында ашылды.

BAQ.KZ: Бұл жерде қандай қызмет түрлері көрсетіледі және күніне орташа есеппен қанша адам келеді?

Еркебұлан Амантаев: Орталық қазір 18 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Оның ішінде 11 мемлекеттік қызмет түрі көлік құралдарына қатысты болса, қалған 7 мемлекеттік қызмет түрі көлік жүргізу куәлігіне қатысты. 2018 жылы бұл орталықта Астана қаласы бойынша 345 000-ға жуық мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді. Орташа есеппен күніне 1000-1500 мемлекеттік қызмет түрін қабылдаймыз. Ал жалпы, күніне орташа есеппен 3000-4000 аралығында адам келеді.

BAQ.KZ: Мамандандырылған ХҚКО цифрлық Қазақстан бағдарламасы аясында қандай жұмыстар жүргізуде?

Еркебұлан Амантаев: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқаруда. Бір мысал айта кетсем. 2019 жылы біздің орталықтағы мемлекеттік қызмет түрлерінің 67 процентке жуығы электронды форматқа өтті. Жыл соңында бұл көрсеткіш 80 процентке дейін, 2020 жылы 90 процентке дейін көтеру жоспарлануда. Қазіргі таңда мемлекеттік корпорация арқылы 752 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. соның 506 мемлекетік қызмет түрі электронды форматқа өткен, яғни бұл қызмет түрлерін Egov.kz порталы арқылы алуға болады.

BAQ.KZ: Демек, жүргізуші куәлігін алуға қатысты мемлекеттік қызмет түрін осы портал арқылы жүзеге асыруға болады ғой?

Еркебұлан Амантаев: Егер жүргізуші куәлігін ауыстыратын болсаңыз, Egov.kz порталы арқылы ауыстыруға болады. Ол үшін цифрлық қолтаңбаңыз қажет. Портал арқылы жүргізуші куәлігін ауыстыру туралы өтініп жатып, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына дайын құжатты алып кетуге ғана келесіз. Ал көлік құралдарына қатысты: көлік құралын сатып алатын болсаңыз мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінбей, электронды портал арқылы өтініш жазып, дайын құжатты алып кетуге немесе құжаттарды қазпошта қызметі арқылы үйіңізге немесе жұмыс орныңызға жеткізіп беру қызметін қолдансаңыз болады.

BAQ.KZ: Қандай жоспарлар бар?

Еркебұлан Амантаев: Болашақта халық біздің орталықта көрсетілетін барлық мемлекеттік қызмет түрлерін электрондық қолтаңба арқылы алса деген тілегіміз бар. Біріншіден, бұл уақыт үнемдеуге ыңғайлы, екіншіден, орталықтағы кезек санын азайтуға себепші боласыздар.

 

BAQ.KZ: Жүргізуші куәлігін алу үшін Egov.kz порталы алынған психоневрологиялық диспансер анықтамалар жарамды ма?

Еркебұлан Амантаев: Egov.kz Telegram-боты арқылы алатынатын анықтамалар 4 жағдайда жарамсыз болып саналады. Бұл Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген. Ол жағдайлар: жүргізуші куәлігін ауыстыру, қару-жарақ құралдарына рұқсат алу, жұмысқа тұру және шетелге шығу. Бұл анықтамаларды сіз арнайы дәрігерлерге барып тексерілген жағдайда ғана жарамды болады.

BAQ.KZ: Көлік нөмірін жоғалтып алған жағдайда қандай әрекет жасау керек? Оны қалпына келтіру үшін не істеу керек?

Еркебұлан Амантаев: Мемлекеттік тіркеу нөмірін жоғалтып, ұрлатып алған болсаңыз – ең алдымен аудандық ішкі істер басқармасына барып, нөміріңізді жоғалтып алғаныңыз туралы өтінім жазасыз. Сол өтінімді басшылыққа ала отырып мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, мемлекеттік тіркеу нөмірінің көшірмесін алуға өтінім жазасыз. Ол Астана, Алматы қалаларында 5 жұмыс күні, ал басқа өңірлерде 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Нөміріңіз басқа да себептермен жарамсыз жағдайға түсетін болса – ешқайда өтінім жазбай-ақ, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мемлекеттік тіркеу нөміріңіздің жарамсыз екенін жазып, баж салығын төлеп, өтінім қалдырасыз. Ол да 5 жұмыс күні ішінде дайын болады. Бұл қызмет түрлерін әзірге электронды түрде алу жағы қарастырылмаған.

BAQ.KZ: Жоғары сұранысқа ие нөмірлер туралы айтып өтсеңіз.

Еркебұлан Амантаев: Егер сіз таңдаған нөміріңіз орталық базада бос болса, сіздің өтініміңіз 5 күн ішінде қаралады. Жоғары сұранысқа ие нөмірлер бізде 4 санат бойынша беріледі. Бірінші санатқа 010 мен 090 арасында және 077, 707 нөмірлері кіреді. Аталмыш нөмірлер 57 айлық есептік көрсеткішті (143 мың теңге) құрайды. Одан да қымбат нөмірлер санаты бар, олар: 100, 111 және 001, 777 нөмірлері. Сондай-ақ, бірдей әріппен тапсырыс беру үшін де 57 айлық есептік көрсеткіш төлейсіз және сандық нөмірлерге өзіңіздің туған жылыңызды қойсаңыз болады. Мысалы, 092 атымен таңдап тапсырыс бере аласыз.

BAQ.KZ: Ерекше нөмір таңдаудың сыры неде?

Еркебұлан Амантаев: Әр адамға өзіне ұнайтын сандар бар. Бізге тапсырыс беруге келетін азаматтар қандай мемлекеттік тіркеу нөміріне тапсырыс беретінін алдын ала таңдап келеді. Бұл адамның жеке таңдауына байланысты деуге болады. Тіпті, мысалы 707 АЕА деп, жеке инициалдарымен тапсырыс беретіндер бар.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет! 
 

Зарина Әбілмәжінова

 

Фото: Бауыржан Жуасбаев

 


 

 

Өзгелердің жаңалығы