Электрондық үкімет порталының өкілдері алаяқтық әрекеттерге байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрметті пайдаланушылар! Алаяқтардың құрбаны болмас үшін 1414-тен кодтары бар хабарламаларды үшінші тұлғаларға жібермеңіз. Алаяқтар хабарламадағы кодты пайдаланып, сіздің цифрлық деректеріңізге қол жеткізе алады, - делінген хабарламада.
Осы орайда электрондық үкімет өкілдері үшінші тұлғаларға ЭЦҚ бермеу қажет екенін ескертті.
ЭЦҚ-ны үшінші тұлғаларға бере отырып, сіз оларға заңды қол қою мүмкіндігін бересіз және оның салдары үшін жауап бересіз, - делінген ақпаратта.
Деректерді қалай қорғауға болады:
- 1414-тен жіберілген sms-кодты үшінші тұлғаларға бермеңіз;
- ЭЦҚ үшінші тұлғаларға бермеңіз;
- қызметкерлер жұмыстан босатылғаннан кейін ЭЦҚ кері қайтаруын қадағалаңыз;
- ресми құжаттарға қол қоюға жауапты қызметкерлерге жеке ЭЦҚ беріңіз;
- ЭЦҚ бар флешка жоғалған жағдайда бірден жаңа ЭЦҚ алыңыз;
- ХҚКО алынған ЭЦҚ құпия сөзін ауыстырыңыз;
- бейтаныс адамдардан ЭЦҚ кілтін ашу үшін ақылы көмекке жүгінбеңіз.
ЭЦҚ туралы Заңының 10-бабының 2-тармағына сәйкес ЭЦҚ жабық кілттерін басқа адамдарға беруге болмайды. Кодекстің 640-бабының 5-тармағына сәйкес, ЭЦҚ-ның жабық кілтін басқа адамдарға заңсыз бергені үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК, ал заңды тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.