Атырау облысы полиция департаментінде егіз полицей қызмет етеді. Орта мектепті бітіріп, әскер қатарына бірге барып, бір бөлімде болған Амир мен Дамир Бисембаевтар қазір күн-түн демей қоғамдық тәртіп күзетінде жүреді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Амир мен Дамир 2018 жылы әскерден оралып, бірден ішкі істер органдарына қызметке орналасады. Орал қаласынан заңгер мамандығын меңгерген. Екеуі де спортқа жақын. 9 жыл таеквондоға қатысып, спорт шеберлері атанған. Сондай-ақ, Амир 2013 жылы Корея елінде таеквондодан өткен турнирден 2-ші орынды қанжығасына байлаған. Егіздер бұл құқыққорғау органында қызмет етуді бала кезден армандаған.
Мен мамандығымды жақсы көремін және шен тағып жүргеніме қуаныштымын. Біздің үлкен ағамыз бар. Ол кісі патрульдік полиция батальонының қызметкері Рүстембек Сүндетов. Мен сыңарымның барына қатты қуанамын және екеуміздің де осы саланы таңдағанымыз анамыз үшін зор қуаныш болды. Полицей болу – жауапты мамандық. Алайда жұмыстың оңайы жоқ. Оның үстіне ер азаматқа Отанына адал перзент болу міндеттелген. Меніңше, тәртіп сақшысы – үнемі қоғам мүддесі, ондағы тәртіп пен тыныштық үшін қызмет етеді. Әр адам әр түні ұйқыға жатарда өзінің қауіпсіздігі мен тыныштығына сенімді болуы керек,-деді Жылыой АПБ-нің жедел уәкілі, полиция лейтенанты Дамир Бисембаев.
Амир мен Дамир әртүрлі қызмет етеді. Амир Департаменттің Айдауыл қызметі взводының арнайы тобының полицейі, ал Дамир Жылыой АПБ-нің жедел уәкілі. Екеуі екі бөлек болса да егіздер бір-бірімен үнемі ақылдасып, бір-бірін үнемі қолдап жүреді.
Біз егіздерді бір-бірінен айыруға болмайтындықтан емес, өзіміздің қалауымыз болған соң, осы салаға келдік. Көбі даусымызды, түрімізді шатастыратын кездер болады,-дейді Амир Бисембаев.
Егіз азаматтардың анасы Алия Адиятқызы балаларының сақшы болуды қаршадайынан армандағанын айтады. Екеуінен бөлек отбасында тағы 3 бауыры бар екен.
ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН...
Облыстағы полиция департаментінде әке жолын жалғаған тәртіп сақшылары да бар. Солардың бірі - Шыңғыс Бақтыбекұлы. Бойына парасаттылық пен патриоттық сезімін ұштастыра білген полиция аға лейтенанты 2016 жылы Тараз қаласында Отан алдындағы борышын атқарады. Шыңғыс Ішкі істер органына қызметке орналасуға бар күш жүгерін салған. Ойлаған мақсатын жүзеге асыра білген полиция аға лейтенанты 2016 жылдан бастап иығына шен тағып, алғашқы еңбек жолын Атырау облысы ПД жанындағы Жол патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы лауазымында бастайды. Кейін 2019 жылы Атырау қаласы ПБ №1 қалалық полиция бөлімінің кезекшісінің көмекшісі қызметін атқарып, 2022 жылы Атырау қаласы полиция басқармасының №1 қалалық полиция бөлімінің №1 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы лауазымында абыроймен қызмет атқаруда.
Әкем ІІО-да 2016 жылға дейін қызмет етіп, полиция майоры шенімен зейнетке шықты. Әкеме қарап полиция қызметкері болуды бала кезімнен армандадым, әкеме қарап бой түзедім. Бала кездегі арманым болашағыма айналып қазіргі уақытта тұрғындар тыныштығы үшін қызмет етудемін. Оған қоса жолдасым Көліктегі ПД Атырау станциясындағы Желілік полиция бөлімінде қызмет атқарады. Ұядан көрген тәрбием менің өмірлік мамандығыма жетеледі,-дейді Шыңғыс Бақтыбекұлы.
Әкеге қарап бой түзегендердің тағы бірі қырағылығы мен кәсібилігі ұштасқан полицей - Асыланбек Гарифуллин. Оның жұмыс кезінде жасаған жұмысын, борышын адал атқарғандығы көпке үлгі. Ол әріптестерімен бірге 2022 жылы Атырауда сал ауруына шалдыққан жасөспірімді зорлауға оқталған ер адамды анықтап, қылмыстық әрекеттің жолын кесті. Тәртіп сақшыларының хабарлама түскен бойда қырағылық танытып, жылдам әрекет етуі нәтижесінде күдікті қылмысқа оқталу кезінде ұсталды.
Өзіме бекітілген аумақта қызмет ету барысында радиоқабылдағыш құрылғысы арқылы хабарлама алдым. Онда белгісіз ер адамның Reno Duster автокөлігін, ішіндегі жасөспірім қызымен бірге заңсыз басқарып әкеткені туралы айтылды. Аталмыш хабарлама бойынша қандай да қылмыс пен қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында жедел әрекет етіп, оқиға орнына жеткенде белгісіз ер азаматтың автокөлік ішіндегі жасөспірімді зорлауға оқталғанын анықтадық. Дер кезінде күдікті анықталып, ұсталып жедел тергеу тобына тапсырылды. Біздің қызметтік міндетіміз - қоғам тыныштығын сақтап, құқық бұзушылықтарға жол бермеу. Халқымыздың қауіпсіздігі біз үшін басты назарда, - дейді рота командирі, полиция капитаны Асыланбек Бекболатұлы Гарифуллин.
Қатаң тәртіп пен анттың адалдығын берік ұстанған тәртіп сақшыларының қызметі - қауырт, қарбалысқа толы. Қоғам қауіпсіздігін сақтау жолында күні-түні байланыста болып, түрлі жағдайларға дайын болу, өміріңді қатерге тігу полиция қызметкері өмірінің ажырамас бір бөлігі. Дәл осындай сан-салалы тәртіп сақшысының қызметінде әке жолын жалғастырып, абыройлы қызмет етіп келе жатқан қызметкерлер аз емес. Қанмен берілген асыл қасиеттер қызмет бабында кәсібилікпен ұштасқанда биікке жетелейтіні сөзсіз. Солардың бірі мамандығына адал, қоғам тыныштығы жолында ерінбей еңбек етуді бастаған Арман Нұрланұлын ерекше атап өткен жөн. Маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген тәжірибелі полиция аға лейтенанты Арман Нұрланұлы Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданына дүниеге келген. Атасы – Нәсіпқали Есқалиев пен әкесі – Нұрлан Есқалиев құқық қорғау саласында біраз жылдар қызмет етіп, зейнетке шыққан.
«Әкеге қарап ұл өсер» демекші, тәртіп сақшыларының отбасында туған Арман Нұрланұлы мектепті бітірген соң, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне құқықтану мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2021 жылы білімін тәмамдаған. Әке жолын жалғаған полиция аға лейтенанты алғаш еңбек жолын 2022 жылы Атырау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонында қызмет инспекторы лауазымында бастайды. Алайда, қоғамда заңдылық пен тәртіпті сақтауға өз үлесін қосуға қызығушылық білдірген жас полицей 2023 жылдың ақпан айында Атырау №1 қалалық полиция бөлімінің Жергілікті полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы лауазымына ауысқан.
Бала күнімнен әкемнің жұмысына қызығып, құқық қорғау саласының беделді маманы болуды армандап, мақсат қойдым. Қазіргі таңда қалаған мамандығым бойынша еңбек етіп жатырмын. Халықпен тығыз қарым қатынаста болатын, аумақтың тыныштығын қадағалап, әрдайым көмекке дайын болу , қоғамда теңдік мен заңдылықты орнатуға үлес қосу учаскелік полиция қызметкерінің басты міндеті,-дейді Арман Нұрланұлы.
Қоғамның тыныштығын бақылауда ұстап, заңбұзушылықтың алдын алу-құзырлы орган өкілдерінің басты мақсаты. Әйтсе де қызмет бабында олар өз өмірлерін қауіпке тігеді. Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызмет инспекторлары полиция аға лейтенанты Шынтас Алисұлтан және Батыржан Бақытұлы сондай жағдайды бастан кешіргендердің бірі.
Қос тәртіп сақшысы биыл қыста Құрманғазы ауданы Шарон өзеніне батып кете жаздаған әйелді аман қалды. Жан дауысы шығып көмек сұраған тұрғынға бірден көмек көрсетуге ұмтылып, жедел әрекет етті.