Нұр- Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры агроөнеркәсіп кешені саласындағы сақтандырудың операторы ретінде осы бағытта қызмет көрсету жұмыстарын жалғастыруда. Дәл бүгінгі таңда егіс алқаптарын жаңбырдан сақтандыру шарттарын жасау жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.
Топырақтағы ылғалдың артық болуынан сақтандыру шарттарын 2020 жылдың 1 тамызына дейін жасау қажет. Шарт жасасу "Qoldau.kz" сайтындағы Agroinsurance ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Егіс алқабын сақтандыру кезеңі 2020 жылдың 15 тамызынан 15 қазанына дейінгі аралықты қамтиды.Топырақ ылғалының артық болу индексі бойынша сақтандыру шарттарын жасайтын фермерлер мемлекеттік қолдауға ие болады. Яғни, сақтандыру сыйақысының 50%-ын мемлекет субсидиялайды. Осылайша, сақтандыру құны төмендейді.
Сақтандыруға жататын дәнді дақылдар бидай, арпа, сұлы, жүгері. Ал, майлы дақылдар күнбағыс, рапс, зығыр өнімдері. Осы тұста айта кету керек, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының фермерлері егіс алқаптарын сақтандыра алады.
"Qoldau.kz" сайтындағы жеке кабинетінде фермер өзінің егіс алқабын көрсетіп, сақтандыру компаниясын анықтап, келісімшар бекітуі тиіс. Одан кейін сақтандыру сыйақысын төлеп, субсидияға өтінім беруі керек.
Сақтандыру жағдайы туындаған кезде пайдаланушының жеке кабинетіне хабарлама келеді және электронды цифрлық қолтаңба арқылы төлем туралы өтінішке қол қояды. Бұл жерде ол төленетін соманы көре алады. Осыдан кейін фермердің шотына сақтандыру төлемдері аударылады.Мысалы, фермер 1000 гектар егіс алқабын сақтандырса, бір гектарға шығын нормасы 30 000 теңге болады. Яғни, сақтандыру шартын жасаса, сақтандыру сыйақысы 729 000 теңгені құрайды (1000 га * 30000 тг * 2,43 % сақтандыру тарифі). Оның 364 500 теңгесін мемлекет субсидиялайды. Сақтандыру жағдайы туындаған кезде фермер 6 000 000 теңге мөлшерінде сақтандыру төлемін алады (1000*30000*20%). Бұл сақтандыру құнының ең жоғары 20% мөлшеріне сәйкес келеді.
Топырақ ылғалының артық болуын сақтандыру – бұл тәуекел деңгейі орташа сақтандыру болып есептеледі. Қазақстанның астық егетін негізгі өңірлерінде бұл кезеңде жауын-шашын ұзаққа созылып, мөлшерден екі есеге артық жауын жауады. Бұл топырақтағы ылғалдың шамадан тыс артық болуына әкеп соғады және егінге зиян. Сақтандырудың бұл түрі фермердің шығынға батып қалмауынан қорғайды. Ең жоғарғы сақтандыру төлемі сақтандыру құнының 20%-на дейін жетеді, - дейді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Басқарушы директоры Асқар Қалиев.
Айта кету керек, биыл маусым айынан бері агроөнеркәсіп кешенінде ерікті сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастады. Сақтандыру өнімдері топырақтағы ылғалдың жетіспеушілігі мен артық болуына негізделген тәуекелдерді қамтиды.Топырақтағы ылғалдың жетіспеушілігіне байланысты жасалған шарттарға сәйкес 57 фермер мемлекеттік қолдауға ие болды. Олар жалпы сомасы 82 миллион теңге болатын сақтандыру сыйақы субсидиясына қол жеткізді.Жасалған шарттарда көзделген сақтандыру жағдайларының нәтижесінде сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы 125 млн теңгені құрады. Өнім бойынша сақтандыру 2020 жылдың 15 тамызына дейін жалғасады.