Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Эфиопияның ықпалды ғылыми-зерттеу институттарының бірі саналатын Диалог, зерттеулер және ынтымақтастық орталығында (CDRC) Қазақстандағы реформаларға арналған семинар өтті, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Іс-шараға CDRC Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, елші Текеда Алему, CDRC Атқарушы директоры, доктор Абдета Дрибса Бейене, CDRC Атқарушы директорының орынбасары Касахун Дендер Мелезе, сондай-ақ Орталықтың сарапшылары мен талдаушылары қатысты.
Қазақстан елшісі Барлыбай Садықов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының негізгі бағыттары, оның ішінде Қазақстандағы саяси жүйенің түбегейлі өзгеруі және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы айтып берді.
Елші Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту және суперпрезиденттік басқару формасынан мықты парламенті бар президенттік республикаға айналу қазақстандық қоғамның терең қажеттіліктері мен сұраныстарына негізделгенін атап өтті.
Іс-шара барысында елші Т.Алему сөз сөйлеп, республиканың жаңа даму кезеңінің басталуына серпін берген оқиғаларға тоқталды. Эфиопиялық сарапшы жаңа Қазақстанның табысты құрылысы үшін барлық жағдайдың бар екенін атап өтіп, еліміздің басшылығы мен халқына табыс тіледі.
Сонымен қатар семинар аясында Т.Алемуге Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына және елдер арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 10 жыл толғанына орайластырылған, Қазақстанмен қарым-қатынастарды дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің алғыс хаты табыс етілді.
Жалпы айтқанда, Президент Қ.Тоқаевтың елдегі түбегейлі өзгерістер енгізуге бағытталған саяси көзқарасы Африканың ең ірі елдерінің бірінде сарапшылар ортасында шынайы қызығушылық тудырды. Семинар соңында сарапшылар Мемлекет басшысының саясатына жоғары баға беріп, елімізбен екіжақты байланыстардың одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.