Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) және Қазақстан: ағымдағы интеграция процестері» тақырыбында өткен брифингте Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев айтты.
Вице-министр атап өткендей, ЕАЭО-ның негізгі бағыты - Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі Cтратегиялық бағыттарын бекіту.
Стратегия шеңберінде Қаржы министрлігі бірнеше шараны жоспарлап отыр.
Біріншіден, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі мемлекеттік сатып алуды толыққанды цифрландыру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу.
Екіншіден, кедендік реттеу мен әкімшілендірудің неғұрлым жоғары сапалы деңгейіне көшіру.
Үшінші, одақта Тауарларды қадағалау жүйесін енгізу. Ол үшін құқықтық база құрылды.
Төртіншіден, одақ шеңберінде тауарға электрондық ілеспе құжаттарды енгізу және оларды өзара тану және өзара мәліметтер алмасу тетігін пысықтау сияқты іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Біздің Одақ елдерімен шекарадағы жұмысымызды мониторингтеу нәтижелері кедендік бақылаудың күшін жою және Одақ шеңберінде тауарлардың еркін қозғалысы режимі реттелмейтін саудаға және көлеңкелі тауар айналымының ұлғаюына әкеп соққанын көрсетті, - деді ол.
Салық төлеуден жалтарудың: жалған транзит, Қазақстан Республикасының жалған резиденттерінің атына тауар-көлік жүкқұжаттарын (ТКЖ) ресімдеу, тауар-көлік жүкқұжаттарында мәліметтерді дұрыс бермеу және т.б. сияқты схемалары анықталды.
Осы проблеманы реттеу үшін біз Одақ елдерімен бірлесіп, тауарға ілеспе құжаттардағы мәліметтердің анықтығын бақылау және үшінші елдерден әкелінген өзара саудадағы тауарлар бойынша тәуекелдің баға индикаторларының дерекқорын қалыптастыру тетігін әзірлеуді жоспарлап отырмыз, - деп атады Марат Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, интеграцияны дамыту бойынша жұмыс қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. Еуразиялық экономикалық одақ Стратегиясы жоспарланған кезең ішінде кезең-кезеңімен іске асырылады.