ЕАЭО мүше мемлекеттер арасында ғылыми байланыстар нығаяды

3 Сәуір 2024, 15:41
550
Бөлісу:
ЕАЭО мүше мемлекеттер арасында ғылыми байланыстар нығаяды
Фото: gov.kz

Бүгін Сенат отырысында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы Заңын қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заңның негізгі мақсаты 2023 жылғы 8 маусымда Сочи қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялау еді.

Ратификацияланып отырған Келісім - Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттер азаматтарының ғылыми дәрежелерін олардың аумағындағы еңбек көші-қоны аясында тануды көздейді және білім беру, ғылым салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Бүгінге дейін, ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды тану үшін жұмысқа орналасатын мемлекеттің заңнамасында белгіленген білім туралы құжаттарды тану рәсімдерін жүргізу талап етілді. Осы орайда, Келісім еңбек көші-қоны шеңберінде ғылыми дәрежелер туралы құжаттардың иегерлерін оларға берілген ғылыми дәрежелерге сәйкес, жұмысқа орналасатын мемлекетте кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін өзара тануға байланысты сұрақтарды реттейді.

Мәселен, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты және ғылым докторы, яғни ғылыми дәрежелер туралы құжаттардың иелері ғылыми дәрежесі үшін, жұмысқа орналасатын мемлекетте белгіленген үстемеақыларды талап ететін жағдайларды қоспағанда, ұлттық тану рәсімдері жүргізілмей, сәйкес деп танылады,-деді сенатор Алтынбек Нухұлы.

Оның айтуынша, ғылыми дәрежелер туралы құжаттардың түпнұсқалылығын тексеру және басқада растау мәселелері бойынша ақпарат алмасуы регламенттеледі. Еңбек көші-қоны шеңберінде азаматтардың ғылыми дәрежесін автоматты түрде тану механизмдерін қарастырады.

Келісім Еуразиялық одақ кеңістігінде еңбек ресурстарының еркін қозғалысын қамтамасыз ету арқылы еңбек нарығын нығайтуға бағытталған, сондай-ақ азаматтардың кәсіби қызметіне қол жеткізуге қолайлы жағдайлар жасайды. Қорыта айтқанда, Заң - ғылыми кадрлармен алмасуды ынталандырады және Еуразиялық одаққа мүше елдердің білім беру жүйелерінің интеграциясын қамтамасыз етеді. Университеттер мен зерттеу институттары арасындағы ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Заңның қабылдануы теріс саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық және өзге де салдарларға, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржылық шығындарға алып келмейді, -деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы