Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев Мәжілістің жалпы отырысында «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомство өкілі 2022 жылғы 20 қазанда Ереван қаласында жасалған Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы Келісімді ратификациялауға бағытталған заң жобасын таныстырды.
Осы Келісімді жасасу мақсаты - мүше мемлекеттердің экспортты қолдаудың бірлескен шараларын, оның ішінде сақтандыру жолымен қолдануды көздейтін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 41-тармағын іске асыру. Келісім құрылатын Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының мақсаттарын, мәртебесін және міндеттерін айқындайды. Компанияның функцияларын және Жарғылық капиталға қатысу үлестерін төлеу тәртібін бекітетін компанияның Жарғысы келісімнің ажырамас бөлігі саналады, - деді ол.
Келісімді қабылдау ЕЭК-ке мүше мемлекеттердің қаржы ұйымдарына өзара халықаралық сауда және инвестициялық қызметті қолдауға, сондай-ақ бірлескен бизнес-жобалардың үшінші елдердің нарықтарына шығуына белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы экспорттық-импорттық операцияларды қолдайтын ұйымдардың тәуекелдерін оларды қайта сақтандыру қорғанысымен қамтамасыз ету жолымен төмендетеді.
Қазақстан экономикасы ЕАЭО елдерімен сауда айналымын едәуір ұлғайту, сондай-ақ олардың бірлесіп өндірілген өнімдерін үшінші елдерге өткізу үшін серпін алады. Келісімде бастапқыда қолданыстағы заңнаманың барлық талаптары ескерілген, осыған байланысты оны ратификациялау Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізуге әкеп соқпайды, - деп түсіндірді Қайрат Төребаев.
Мәжіліс бүгін осыған қатысты тиісті ратификациялық заңды қабылдады.