ЕАЭО елдері экономикалық ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін нығайтады

28 Қазан 2026, 15:36
АВТОР
 eec.eaeunion.org 28 Қазан 2026, 15:36
28 Қазан 2026, 15:36
145
Фото: eec.eaeunion.org

Құрылтай «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады. Құжат ЕАЭО аясындағы құқықтық реттеуді жетілдіруге, ішкі нарықтағы кедергілерді жоюға және бірқатар рәсімдерді нақтылауға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құрылтай отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, ұсынылып отырған хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 30 түзету енгізуді көздейді. Өзгерістер ішкі нарықтың жұмысы, мемлекеттік сатып алу, техникалық реттеу, қызметтер саудасы, бәсекелестік, электр энергетикасы және көлік салаларын қамтиды.

Хаттамаға 2025 жылғы 28 шілдеде Мәскеуде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары қол қойған.

Қазақстандық кәсіпкерлерге қандай мүмкіндік беріледі?

Заң жобасындағы негізгі өзгерістердің бірі – банктік кепілдіктерді өзара тану. Бұл қазақстандық кәсіпкерлерге отандық банктің кепілдігі арқылы ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің мемлекеттік сатып алу нарықтарына қатысуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін кәсіпкерлерден өзге мүше мемлекеттердің банктерінен кепілдік алу талап етілген.

Сонымен қатар хаттама Еуразиялық экономикалық комиссияның Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді әдіснамалық тұрғыдан бағалау және тосқауылдар мен шектеулерді жойылды деп тану жөніндегі өкілеттігін бекітеді. Бұл комиссия жұмысына бірыңғай тәсіл қалыптастыруға және мүше мемлекеттер арасындағы кедергісіз сауда ортасын дамытуға бағытталған.

Кеден және бәсекелестік саласындағы өзгерістер

Құжатта әкелу кедендік баждарын төлеуге қатысты мәліметтер алмасу жөніндегі қайталанатын нормаларды алып тастау көзделген. Себебі мұндай ақпарат алмасу тәртібі ЕАЭО-ның Кеден кодексінде қарастырылған.

Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық комиссияның мүше мемлекеттер ұсынатын ақпаратты қандай мақсатта пайдалана алатыны нақтыланады.
Бәсекелестік саласында комиссия шешімдерін мәжбүрлеп орындату тәртібі де айқындалады. Бұл ретте шешім орындалатын мемлекеттің заңнамасы ескеріледі.

Министрдің айтуынша, енгізілетін өзгерістер қайталанатын нормаларды жоюға, қолданыстағы тетіктерді нақтылауға және ЕАЭО аясындағы жекелеген рәсімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Ратификация бюджетке қосымша шығын әкелмейді

Арман Шаққалиев хаттаманы әзірлеу жұмысы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілгенін атап өтті. Оның мәліметінше, құжатты ратификациялау республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.

Анықтама үшін, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 30,9 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде отандық тауарлар экспорты 10,1 млрд АҚШ долларына жетті.

Наверх