ЕАЭО-дан әкетілетін тауарлардың шығу тегін айқындау туралы келісім Мәжілісте қаралды

Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков Мәжілістің пленарлы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, аталған келісім Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тауарларды әкету кезінде олардың шыққан жерін айқындау, куәландыру және растау тәсілдерінің бірлігін құқықтық негізде қамтамасыз етеді. Бұл, ең алдымен, Одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан, соның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылатын тауарларға қатысты белгіленген тыйымдар мен шектеулердің сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.

Келісім тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарларды әкету кезінде бақылау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Құжатта Еуразиялық экономикалық комиссия айқындайтын арнайы қағидаттарға сәйкес, Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау тәртібі көзделген, - деді министрлік өкілі Мәжілісте.

Келісім аясында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан Республикасы, өз аумақтарынан шығарылатын тауарларға қатысты белгіленген тарифтік емес реттеу шараларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар Қазақстан тарапы Одаққа мүше өзге елдер аумағынан әкетілетін тауарларға қатысты қолданылатын талаптардың орындалуын да бақыламақ.

Өзгелердің жаңалығы