Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңызды құжатқа Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарапынан ЕҰУ-дің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы жағынан басқарма төрағасы Айгүл Соловьева қол қойды.
Құжатқа қол қою барысында сөз алған қауымдастықтың басқарма төрағасы Айгүл Соловьева экологиялық ұйымдар қауымдастығының алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, ұйым экологиялық бастамаларды құру, халықаралық серіктестікті дамыту, инвестиция тарту, халықаралық жобалар мен бағдарламаларға қатысу, "Жасыл" технологияны енгізу, қалалардағы экологиялық инфрақұрылымдарды дамыту және ҚР экологиялық заңнамасын жетілдіру жұмыстары қолға алынғандығын атады.
Еліміздегі қоршаған ортаны қорғау бағытында халықаралық бастамаларға әрдайым үн қосып келе жатқан Айгүл Соловьева, еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында бірнеше жобалары барын айтты.
Біз ғылым мен экологияның бірігуін қолдаймыз және Еуразия ұлттық университетіне барлық мүмкіндіктерімізді ұсынуға дайынбыз. Оған сіздің университетіңіз пен ректор беделінің жоғары болуы ықпал етіп отыр. Сіздердің көмектеріңіз арқылы біз бүкіл елге Қазақстанда экологиялық ахуалдың дұрыс бағытқа бетбұрыс алғанын дәлелдейміз және бізге осы саланы жақсартуға сіздердің көмектеріңіз қажет. Біз алдағы уақытта Назарбаев Университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универсиеті, Қазақ гуманитарлық заң университетімен де бүгінгідей келісімге келетін боламыз, - деді Айгүл Соловьева.
Сондай-ақ қауымдастықтың басқарма төрағасы экология мамандықтарының студенттері мен ЕҰУ ғалымдарына экологиялық орындарда өндірістік машықтанудан өтіп, зерттеулер жүргізуге барынша мүмкіндік жасайтынын жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Дихан Қамзабекұлы Еуразия ұлттық университеті тарапынан экология саласын дамыту мақсатында алға қойылған міндеттерді шешу мен идеялар бойынша инновациялық ұсыныстардың табысты жүзеге асатынына сендірді. Қоршаған ортаны қорғау – ұлт денсаулығының мәселесі екенін ескере отырып, қоғамның барлық азаматтық ұйымдарының бірігетін кезі келгендігін жеткізді.
Сонымен қатар, меморандумға қол қою рәсімі барысында қауымдастықтың атқарып отырған жұмыстары жайлы арнайы дайындалған деректі фильм мен бейнероликтер көрсетіліп, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов, ЕҰУ жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Нейла Шәпекова, Қоршаған ортаны қорғау саласын басқару және инженеринг кафдерасының меңгерушісі Райхан Бейсенова, экономика факультетінің студенті Бағдат Қадырбаева, т.б. сөз сөйледі.
Әңгіме барысында экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жүргізіліп жатқан және алдағы уақытта атқарылатын жобалар кеңінен сөз болды. Оның ішінде, көгалдандыру, өнеркәсіптік қалдықтарды тазартатын локалды жүйелер орнату, көлік ағындарын басқарудың автоматтандырылған жүйесін жетілдіру және экологиялық ақпараттың ашықтығы, аймақтарға баға беру, Эко-медианы дамыту бойынша шараларды тілге тиек етті. "Жасыл белдеуді" құру және ормандарды жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасатыны да ұмыт қалмады. Әсіресе ЕҰУ-дің журналистика және саясаттану, жаратылыстану ғылымдары, экономика, заң факультетінің студенттері үшін қол қойылған екіжақты меморандумның маңыздылығы ерекше атап өтілді.