«Е-Өтініш» жүйесі арқылы Таразда 9 600-дей өтініш қабылданды

23 Мамыр 2021, 11:24
3008
Бөлісу:
«Е-Өтініш» жүйесі арқылы Таразда 9 600-дей өтініш қабылданды

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Қазір жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау, олармен жұмыс жүргізу бойынша мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін «е-Өтініш» жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл пилоттық жобаның Тараз қаласында орындалу барысын қала әкімі Ержан Жылқыбаев айтып берді. Оның сөзінше, аталған ақпараттық жүйе өтініштерді автоматты түрде бөлуге, мемлекеттік органдар арасында сауалдар санын оңтайландырып, өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға жағдай қалыптастырады. Сонымен қатар өтініш берушімен кері байланысты нығайтып, мемлекеттік органдардың жұмысына ашық баға беруге жол ашады. Мемлекеттік органдарға түсетін өтініштердің бәрінің бірыңғай базасын құруға да мүмкіндік беретін көрінеді.

Жамбыл облысы орталығындағы «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі мен өтініштерді қарау мәселелері жайында айтсам, бұл жобаны енгізу бойынша Тараз қаласында 34 мекеменің тізімі жасақталды. Оның 1-еуі әкімдік аппаратында болса, 14-і бөлімдерде орналасқан. Жергілікті мәслихат аппаратынан – 1, жүз пайыз үлесі бар әкімдікке қарасты мекемелерден – 3, Халыққа қызмет көрсету орталығынан – 3, құқық қорғау органдарынан – 8, қалалық мекемелер 4 нысан әзірледік, - деген Ержан Жұматұлы қазір өтініштермен жұмыс істейтін қызметкерлердің 682 штаты анықталғанын алға тартты.

Ол Тараздағы барлық орынға ақпараттық жүйе орнатылатынын да мәлімдеді. Жыл басынан бері пилоттық жоба шеңберінде 9 625 өтініш тіркелген. Яғни, қала мекемелері тарапынан ақпараттық жүйемен жұмыс жүргізілуде және ақпараттық жүйені енгізу бойынша мамандарды оқыту, дайындау жұмыстары қолға алынуда.

Бүгінде менің аппаратым мен әкімдік бөлімдерінің 159 қызметкері Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалында 2 күндік оқыту семинарына қатысуда. Біздің тарапымыздан жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін сапалы қарап, орындалуын қамтамасыз ету жұмыстары әркез тұрақты бақылауда. Себебі әрбір өтініш пен арыздың артында тұрғындардың тағдыры, проблемасы тұрғаны бізге мәлім, - деді спикер.

Жылқыбаев өз сөзінде статистикалық деректерді де келтірді. Оның айтуынша, Тараз қаласының әкімдігіне былтыр 31 323 өтініш түскен. Ал биылғы төрт айда 9 456 өтініш тіркелген. Мұны өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда, 2 651 өтінішке немесе 21 %-ға кеміген екен.

Қаралған өтініштердің жалпы санынан 1 556 өтініш қанағаттандырылды. 3 699 өтінішке түсінік берілді. 4 201 өтініш басқа мекемелерге өз құзыреті шегінде қарастыру үшін жолданды. Түскен өтініштердің басым бөлігі, яғни жартысына жуығы жер телімдеріне байланысты. 12%-ын тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мәселелері төңірегіндегі хаттар құрайды. Еңбек және халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету проблемаларын 8,2%-ы қамтиды, - деп түсіндірді Тараз қаласының әкімі.

Шенеунік қала әкімдігіне, әсіресе, жеке тұлғалардан, кәсіпкерлерден, ЖШС, АҚ мекемелерден, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық, өзге де мемлекеттік емес ұйымдардан, адвокаттардан, сотталғандардан, зейнеткерлерден мен мүгедектерден жиі өтініш-арыздар түсетінін жеткізді. Тұрғындармен кері байланыс орнатуды күшейту мақсатында өтініштер ақпараттық ресурстар арқылы да қабылдануда. Биылдыққа әкімдіктің әлеуметтік желілердегі парақшаларына 500-ге жуық өтініш түскен.

Тараз қаласында 109 бірыңғай диспетчерлік қызметі жұмыс істейді. Аталған мекеме барлық тұрғын жай-коммуналдық, шаруашылық мәселелері бойынша қала тұрғындарынан 102 294 арыз-шағым қабылдап, оларға белгіленген мерзімінде жауап берілді. Жеке және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау жұмыстары да бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Өткен жылы 976 азамат қабылданса, ағымдағы жылы 308 тұрғынды қабылдап үлгердік, - деді Ержан Жұматұлы.

Әрбір азамат мемлекеттік органға жүгінген кезінде өзінің мәселесінің оң шешілуінен үміт күтеді. Ал Жылқыбаев мемлекеттік қызметшілер өтінішті заңнама талаптары аясында, жауапкершілікті сезіне отырып қарайтындығына сендірді.

Біздің тарапымыздан жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауды оңтайландыруға бағытталған «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі бойынша жұмыстар жүргізуде кодекс талаптары басшылыққа алынатын болады, - деді ол содан соң.

Өзгелердің жаңалығы