Астанада дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ел біріншлігі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Додаға еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 500-ге жуық спортшы қатысып жатыр.
12 қараша күні басталған жарыстың алғашқы күнінде ерлер арасында 60-66 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаса, қыздар арасында 48 кг, 52 кг салмақта татами төріне шықты.
Бұл бәсекеде ең мықтылар жеңіске жетеді деп сенемін. Мемлекет басшысының отандық спортта әділ бәсекелестік қағидатын орнату туралы тапсырмасына сәйкес, бүгін чемпионатқа шетелден арнайы 3 тәуелсіз төрешілер шақыртылды. Қазіргі таңда елімізде дзюдомен 133 мыңға жуық адам тұрақты түрде айналысады. Соның нәтижесінде ел спортшылары небір халықаралық дүбірлі додаларда топ жарып, ұлт абыройын асқақтатып жүр. Бүгінгі жарыс елімізде дзюдоны дамытуға тың серпін береді деп сенемін, деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, жарыс 15 қарашаға дейін жалғасады.