Танымал әнші Дженифер Лопестің Алматыдағы концерті ақыры Орталық стадионда өтетін болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған дейін Алматыдағы Орталық стадионда 9 немесе 10 тамызда ел біріншілігінің күнтізбесіне енгізілген «Қайрат» пен астаналық "Жеңіс" командалары арасындағы матч өтуі тиіс болғандығы жарияланған. Осыған байланысты клуб әлемдік поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концертін аталған күндері өткізу мүмкін еместігін мәлімдеген болатын.
Алайда ұйымдастырушылармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде «Қайрат» стадионды концерт өткізу үшін босатуға келісті. Қазақстан премьер-лигасының "Қайрат" – "Жеңіс" кездесуі 21 қыркүйекке ауыстырылды.
Сонымен қатар, "Қайрат" футбол клубының 7 және 12 тамызға белгіленген еурокубоктық ойындары өзгеріссіз қалады және алдын ала жарияланған кесте бойынша өтеді.
Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертіне билеттер ертең (28 мамыр) сатылымға шықпақ. Билеттер сатылымының басталуы: сағат 10:00-де. Концерт 10 тамыз күні Алматының Орталық стадионында өтеді, – деп жазды ұйымдастырушылар.