Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Дүниежүзілік банк (ДБ) өкілдерімен кездесті. Кездесуде қаржы институтының Қазақстандағы адам капиталын дамытуға қатысты есебі таныстырылды. Бұдан бөлек тараптар әлеуметтік-еңбек саласындағы бірқатар бағыт бойынша ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігін талқылады.
«Қазақстандағы адам капиталының әділ дамуы» есебін таныстыру барысында ДБ өкілдері кез келген мемлекеттің адам капиталындағы индексінде білім беру деңгейінің маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігіне (БҒМ) бірқатар ұсыныс жолдады.
Сарапшылар пікірін тыңдаған соң Тамара Дүйсенова ДБ өкілдерінен жұмысшылардың кәсіби деңгейін көтеру жөнінде кеңес беруді сұрады.
«Қазір еңбек нарығына 2000 жылдан кейін туған азаматтар шыға бастады. Олардың қажеттілігі жоғары. Бірақ аға буынмен салыстырғанда біліктілігі төмен. Қазір біздің алдымызда «дипломы бар, бірақ кәсіби деңгейі жұмыс берушінің сұранысына сай келмейтін мамандарды қайтеміз?» деген сұрақ тұр. Біз қысқа мерзімді оқыту және біліктілікті көтеру курстарын ұйымдастырамыз. Осылайша онлайн оқыту платформасы арқылы қосымша дағдыларды меңгеру мүмкіндігін ұсынамыз.
Сондықтан осы мәселе бойынша сіздердің кеңестеріңізге жүгінгіміз келеді. Жұмысшы жастардың және аға буынның біліктілігі мен кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған халықаралық тәжірибе жөнінде ұсыныстарыңызды айтсаңыздар», - деді министр.
Бұдан бөлек Тамара Дүйсенова ДБ өкілдеріне Қазақстанда Ұлттық біліктілік жүйесін (ҰБЖ) қалыптастыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруды ұсынды.
Біз ҰБЖ құру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа кәсіби стандарттар әзірлеп, бұрынғыларын өзектендіру бойынша жұмысты жалғастырамыз. БҒМ-мен бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл ҰБЖ шеңберінде кәсіптік бағдарлау мектептерде басталып, ал оқу орындары болашақ мамандарды өзекті кәсіптік стандарттарға сәйкес оқытуы үшін керек. ҰБЖ бойынша серіктес болып қаламыз және бірлескен жұмысты жалғастырамыз деген ойдамыз, – деді Тамара Дүйсенова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ДБ өкілдеріне ҚР Әлеуметтік кодексін әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жөнінде де айтты. Осыған байланысты зейнетақымен қамту, әлеуметтік қолдау және әлеуметтік сақтандыру жүйелеріне қатысты сараптамалық қорытынды беруді сұрады.
Өз кезегінде Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто ДБ талқыланған барлық мәселе бойынша техникалық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Иә, әрине, біз сіздермен халықтың дағдыларын арттыру саласындағы халықаралық тәжірибені бөлісуге және өз ұсыныстарымызды айтуға дайынбыз. Сондай-ақ Қазақстанда ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ынталымыз. Әлеуметтік кодексті әзірлеу мәселелері бойынша біз мереке күндерінен кейін мамандарыңызбен бірлесіп жұмыс істей алатын жақсы сарапшы ұсынуға әзірміз, – деді Жан-Франсуа Марто.