Думан Берікұлы: Ауруды болдырмаудың жалғыз жолы – екпе егу

9 Ақпан 2021, 20:14
2398
Бөлісу:
Думан Берікұлы: Ауруды болдырмаудың жалғыз жолы – екпе егу

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының Семей өңірі бойынша орынбасары Думан Берікұлы вакцина алғаннан кейінгі әсерімен бөлісті.

Айта кетейік, 1 ақпанда елімізде жаппай вакцинациялау науқаны басталды. Алғашқылардың бірі болып ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мен ҚР денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов вакцина алып, журналистерге сұхбат берген болатын.

Вакцинаны ең алдымен COVID-19-бен тікелей күресіп жүрген медицина қызметкерлері ерікті түрде алуда. Осы орайда ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Думан Берікұлы вакцина алғаннан кейінгі жағдайы жақсы екенін айтты.

Осы жылы 1 ақпан күні Семей қаласында алғашқылардың бірі болып коронавирустық инфекцияға қарсы екпені алдым. Екпе алғаннан бері 8 күн өтті. Осы күндерде жалпы жағдайым өзгеріссіз, өзімді жақсы сезінемін. Бұл вакцина негізінен екі компонентті. Екінші компонентін 22 ақпанда аламын, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Ол халықтан екпеден қорықпауды сұрады.

Ауруды болдырмаудың жалғыз жолы – бұл екпе. Қарап отырсаңыздар, дүниежүзі бойынша ХХ ғасырда екпе арқылы қаншама ауруларды жеңдік. Атап айтсақ, көкжөтел, полиомиелит, дифтерия, сіреспе және басқа да аурулар. Сондықтан вакцинадан қорықпауды сұраймын, - деді Думан Берікұлы.

Өзгелердің жаңалығы