Екі жыл бұрын Аралбек Берікұлы Дубайдағы және Республикалық физика-математика мектебіндегі (РФМШ) жоғары лауазымдардан бас тартып, халқы небары 700 адамды құрайтын Самар ауданындағы Құлынжон ауылындағы шағын мектептің директоры болуды таңдайды. Бұл шешім Қазақстандағы ауыл мектептерінің жаңа моделін қалыптастырудың негізін қалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аралбек келген кезде мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұрған еді: 5-сынып оқушылары көбейту кестесін білмейтін, ал жоғары сынып оқушылары 6-сынып деңгейіндегі тапсырмаларды орындай алмайтын. Осылайша, Aidyn&Anar Rakhimbayev Foundation және әлемдік деңгейдегі педагогикалық университеттердің бірі Michigan State University (MSU) қолдауымен «YBYRAI MEKTEBI» жобасы бастау алды.
«YBYRAI MEKTEBI» — бұл тек мектеп емес
Бұл — оқушыларды, ата-аналарды және мұғалімдерді біріктіретін инновациялық білім беру экожүйесі. Ауылдың тірегіне айналған комьюнити-орталық ата-аналарды оқу процесіне белсенді түрде тартып, оларды арнайы курстардан өткізіп, балаларын тәрбиелеу және дамыту жолында қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, бұл орталық ауыл балаларына робототехника, гидропоника, экология, медиа-сауат сияқты бұрын қолжетімсіз болған үйірмелерге қатысу мүмкіндігін беріп отыр. MSU-мен бірлесіп әзірленген білім беру әдістемелерін қолдану арқылы ауылдық жерлерде де әлемдік деңгейдегі білім алуға жағдай жасалып отыр.
Екі жылдағы нәтижелер таңқаларлық:
- 2022 жылы мектеп пен комьюнити-орталықты жаңартуға $1,1 млн бөлінді. Соның арқасында инфрақұрылым жаңартылып, заманауи технологиялар енгізілді. 15 жаңа үйірме ашылып, 173 оқушы тұрақты түрде қатысып жүр.
- Магистр дәрежесі бар мұғалімдердің үлесі 15%-дан 25%-ға дейін өсті. Бұл педагогтардың біліктілігін арттырып, оқу процесіне заманауи әдістерді енгізуге ықпал етті.
- 2023 жылы үш оқушы облыстық дарынды балаларға арналған мектепке, бір оқушы IQanat High School Burabay-ға қабылданды.
- Соңғы екі жылда ҰБТ бойынша орташа балл 53-тен 102-ге дейін өсті.
Аралбек Берікұлының сөзі:
«Менің басты мақсатым — әрбір оқушының әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін білім беру экожүйесін құру, ал ата-аналар мен мұғалімдер бұл процестің белсенді қатысушылары болады. Біз білім беріп қана қоймай, қазіргі заманға бейімделіп, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруды көздейміз. Біз «YBYRAI MEKTEBI» жобасын одан әрі дамытып жатырмыз, мен оны ауылдық білім берудің болашағы деп санаймын».
Конференция және болашақ жоспарлар
24 қазанда MSU және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы өкілдерінің қатысуымен жоба нәтижелеріне арналған конференция өтті. MSU профессоры BetsAnn Smith жобаның Қазақстандағы ауылдық білім беру үшін маңыздылығын атап өтті: «YBYRAI MEKTEBI — бұл жаңашылдық пен қоғам қолдауы тіпті ең шалғай аймақтардағы білім беру жүйесін өзгерте алатынын көрсететін мысал. Біз ата-аналар мен жергілікті көшбасшыларды тарту арқылы ауылдық жерлерде тұрақты білім беру моделін қалыптастырып жатқанымызды көреміз».
Ең таңғаларлығы, Аралбектің жобадағы келісімшарты аяқталғанына қарамастан, ауылда қалу туралы шешім қабылдауы болды. Ол Астанадағы өмірден бас тартып, оқушыларының жоғары нәтижелерге қол жеткізуі үшін Құлынжонда жұмысын жалғастыруды таңдады. Алдағы жоспарларында — мектепті кеңейту және шалғай ауылдардан келетін оқушыларға арналған жатақхана салу. Бұл ауылдық жерлердегі білім беру стандарттарын өзгертетін YBYRAI жүйесін халықаралық деңгейге шығару және басқа ауылдарда да енгізу.