Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы Дубай мен көршілес елдерде жүрген қазақстандықтарды алаңдатты. Соңғы тәулікте әлеуметтік желілерде жарылыс дыбыстары, әуе кеңістігінің жабылуы және эвакуация туралы жазбалар көбейді. Қазақстандықтар Threads, Instagram және мессенджерлер арқылы бір-біріне ақпарат таратып, қолдау білдіруде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желідегі жазбаларға қарағанда, таңғы уақыттан бастап бірнеше елде әуеден жарылыс дыбыстары естілген. Кейбір қолданушылар қонақүйде отбасымен бірге үрейленіп отырғанын жазады.
Қазақстанға қалай қайтуға болады? «Б жоспары» ретінде не ұсына аласыздар? Дубайдан Қазақстанға қайту керек, – деп жазды желі қолданушысы.
Тағы бір қазақстандық:
Қонақүйде үреймен отырмыз отбасымызбен. Таңғы 8-ден бастап қатты жарылыс дыбыстары естілуде. Басқа ештеңе айта алмаймын, – деп бөліскен.
Кейбірі әуе кеңістігінің жабылғанын айтып, қайда барарын білмей отырғанын жеткізген.
Таңғы 7:30-да аспандағы жарылыстың дауысынан ояндық. Даусы жарқын шықты және бірнеше рет атылды. Бірден келіма айтып, ең керек заттарымызды жинап, дайындап қойдық. Білмейміз қайда. Воздушное пространство жабық, – деп жазды Катар, Дохада жүрген қазақстандық.
Сондай-ақ Дубайдағы жағдайға байланысты елшілікке хабарласқанымен, нақты жауап ала алмағандарын айтқандар бар.
Мессенджердегі хаттардың бірінде:
Елшілікке жаздық, хабар жоқ, - дейді ол.
Ал байланыс құралдарына сағатсыз төтеншекеліп жатқан көрінеді. Онда қауіпсіз ғимараттарға жасырыну, терезелер мен ашық алаңдардан аулақ болу туралы нұсқау берілген.
Демалып жүрген танымал қазақстандық блогерлер мен танымал адамдар да бар.
Желі қолданушылары бір-біріне сабыр сақтауға шақырып, «Алла тыныштық берсін», «Аман-есен елге жетейік» деген тілектерін жолдауда. Кейбірі Дубайда екенін айтып, қазақстандықтарды бірлікке шақырған.
Қазіргі таңда ресми органдар тарапынан толыққанды мәлімдеме күтілуде. Ал шетелде жүрген қазақстандықтар елшілікпен байланыс орнатып, ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырылады.
Жағдайдың қалай өрбитіні алдағы күндері белгілі болмақ.