Дубай-Ақтау бағыты бойынша тұрақты рейс ашылады

15 Қараша 2019, 12:08
7872
Бөлісу:
Дубай-Ақтау бағыты бойынша тұрақты рейс ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "ашық аспан" режимінде Қазақстанға жаңа әуе компанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізуде.

2019 жылдың 13-14 қарашасында Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің авиациялық биліктері келіссөздер жүргізді. Келіссөздерге "Fly Dubai", "Emirates Airlines", "Etihad Airways", "Air Astana", "SCAT" әуе компанияларының, сондай-ақ Қарағанды және Алматы қалаларының әуежайларының өкілдері қатысты.

Нәтижесінде екі елдің тағайындалған тасымалдаушыларына Қазақстанда енгізілген 5-ші "әуе еркіндігін" ұсынатын "ашық аспан" тәртібі аясында тұрақты рейсті орындау үшін құқықтық база бекітілді. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, БАӘ-нің тағайындалған тасымалдаушылары Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларынан 5-ші "әуе еркіндігін" ұсынатын "ашық аспан" тәртібі аясында тұрақты әуе тасымалдарын орындауға құқылы.

Қолда бар ақпаратқа сәйкес, әмірлік әуе компаниялар Дубай-Ақтау бағыты бойынша тұрақты ұшуларды орындауды жоспарлап отыр. 

Сондай-ақ, "Emirates Airlines" әуе компаниясында 2021 жылдан соң жаңа А330 және А350 әуе кемелерін алғаннан кейін екі ел арасында тікелей тұрақты рейстерді ашу бойынша жоспарлар бар.

Айта кету керек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында 1 қарашадан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында рейстер санына шектеулерді алып тастауды және шетелдік әуе компанияларына 5-ші әуе еркіндігін ұсынуды көздейтін "ашық аспан" режимі енгізіледі. "Ашық аспан" режимі одан әрі ұзарту мүмкіндігімен 3 жыл мерзімге жарамды.

Өзгелердің жаңалығы