ДСМ жанынан ақпараттық орталық ашылады

1 Тамыз 2020, 18:17
1325
Бөлісу:
ДСМ жанынан ақпараттық орталық ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі жанынан Ақпараттық орталық ашамыз деп шештік. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов facebook-тегі парақшасында жазды.

Мен Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі ретінде бүгін үшінші күн қызмет етудемін. Баршаңызға мәлім, еліміздің денсаулық сақтау саласы дәл қазір өте қиын күндерді бастан кешуде. Індет жұқтырған мыңдаған адамның басында түрлі қиындық пен сан сауалы бар. Мұндайда қарап қалмай, әрқайсымыз қоғамға қолдан келгенше көмектесуге міндеттіміз деп ойлаймын. Оншақты күн бұрын Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың Facebook-тегі парақшасына қазіргідей ауыр кезеңде қоғаммен дұрыс байланыс орнатуға көмектесуге дайын екенімді жаздым. Министр көп күттірмей қоңырау шалып, "ресми өкіл болыңыз" деген ұсыныс жасады, - деді ол. 

Ол атағандай, бұл қызметтің орны бөлек. 

Өйткені қазір адам жаны сынға түскен кез. Өзім де жиі ауырдым кезінде. Дәрігерлердің арқасында сан рет сырқатты жеңген адам ретінде денсаулық пен ақ халаттылардың қадірін жақсы білемін. Сондықтан сын сағатта қол қусырып, қарап отыра алмадым. Мен науқастарды емдей алмаймын, алайда дұрыс ақпарат жеткізуді, бұқаралық ақпарат құралдарымен және қоғаммен байланыс орнатудың көзін білемін. Осы білгеніммен бөлісу – азаматтық міндетім, - деді ол. 
Ол іске кірісіп кеткенін де жеткізді.
Денсаулық сақтау министрлігі жанынан Ақпараттық орталық ашамыз деп шештік. Басты міндетіміз – қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін, азаматтардың ұсыныс, өтінішіне дер кезінде көңіл бөліп, жауап беру мақсатында қоғаммен тығыз байланыс орнату. Сондықтан журналистерді, PR және маркетинг саласындағы әріптестерімді бірлесіп жұмыс істеуге, қолдау көрсетуге шақырамын, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы