Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында жоғалып кеткен жасөспірім аман-есен табылды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі 28 қазанда сағат 19.00 шамасында әйел адам «102» жедел арнасына хабарласқанын айтты. Өз сөзінде ол кәмелетке толмаған баласының бір күн бұрын үйден далаға серуендеуге шығып кетіп, сол күйі қайтып оралмағанын жеткізген. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп жеткен. Барлық жеке құрам 13 жастағы жеткіншекті іздеуге жұмылдырылған. Бала баруы мүмкін деген барлық орын, көшелер мен аулалар, оның туыстары мен достарының үйлері және өзен жағасы тексерілген.
Соның нәтижесінде оқушының қайда екені анықталды. Белгілі болғандай, ол ата-анасына ескертпей, досының үйінде қонып қалған. Осыған дейін де жеткіншек бірнеше рет үйден ескертпей кетіп отырған. Полиция қызметкерлері оған және ата-анасына профилактикалық әңгіме өткізді, - делінген ақпаратта.