Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бала кездегі досын пышақтап өлтіріп, денесін үйіндегі жертөлеге көміп тастаған Виталий Валитов 11 жылға сотталды, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Орал сотында келтірілген деректерге қарағанда, ескі достар есік алдында арақ ішкен. Артынан екеуі сөзге келіп қалып, Виталий Валитов құрдасын ұрып құлатқан және мойнына екі рет пышақ салған. Артынан мәйітті жерқоймаға түсіріп, көміп тастапты.
Өзінің жауабына қарағанда: «Мен қорықтым. Сосын ұмытқым келіп, ары қарай тағы бес күн бойы арақ іштім» дейді. Жаңағы мәйітті көміп тастағаннан кейін сол сарайдың өзін бұзып, жертөлеге тастаған. Кілем, кірпіштер салып, соның бәрін тегістеп көміп тастаған. Сол уақытта жәбірленушінің анасы терезеден қарап тұрып: «Менің балам осы шұңқырдың ішінде, әйтпесе ол неге көміп жатыр? Соның ішінде өліп жатыр», - деп айтқан екен, - деді БҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Бақыт Ермаханов.Сотта Валитов қылмысын толық мойындап, қаза болған досының туыстарынан кешірім сұрады. Судья өз әрекетіне өкінген қылмыскердің кәмелеттік жасқа толмаған қызы барын ескере отырып, оны 11 жылға бас бостандығынан айырды.
Екеуі де бала күннен бірге өскен жігіттер ғой. Бірақ қылмысты бізден жасырғанын білгенде қатты ашуландық. Енді оны өзіміз аяп, кешірім беріп отырмыз. Өйткені артында кішкентай баласы бар, - деді марқұмның туысы Елена Батаева.