Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкіліне Қазақстанның жоғары марапаты табыс етілді, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Бішкектегі «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» 15-ші министрлік конференциясына бірлесіп қатысу қарсаңында бүгін Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Еуропалық Комиссияның вице-президенті – Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могеринимен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, соның ішінде Еуропалық Кеңестің президенті Дональд Тусктің 2019 жылғы мамыр айындағы Нұр-Сұлтанға сапары аясында қол жеткізілген екіжақты уағдаластықтардың жүзеге асырылуын талқылады.
Тараптар ҚР-ЕО Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді және ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясын, оның ішінде бірлескен даму бағдарламаларын әзірлеуді уақытылы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Жаңа Стратегия біздің өзара іс-қимылымызға қуатты серпін береді, сонымен қатар әрбір елдің және жалпы өңірдің игілігі үшін нақты практикалық нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған тығыз және үйлестірілген ынтымақтастықтың бастауы болады деп есептейміз», - деді Бейбіт Атамқұлов.
«Қазақстан 2015 жылы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге Орталық Азия аймағындағы қол қойған алғашқы ел болды. Келісімнің тиімді имплементациясы өзара мүдделердің барлық спектрі бойынша қарым-қатынастарға сапалы серпін береді» деп аталып өтілді.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективалары бойынша ҚР премьер-министрінің ЕО мүше-елдері елшілерімен экономикалық және іскерлік мәселелер жөніндегі кездесулердің жаңа форматына үлкен мән берілуде. Бірінші кездесу үстіміздегі жылғы 1 шілдеде өткен болатын.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ф.Могериниге Қазақстан мен ЕО арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлесі үшін алғыс айтып, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жоғары лауазымды еуропалық саясаткерге I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Ф.Могерини ЕО-ның Қазақстан мен Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі стратегиялық құжаттарын әзірлеуге қомақты үлес қосты.
Өз кезегінде, Жоғарғы өкіл мемлекет басшылығы мен Қазақстан халқына оның қызметіне жоғары баға бергені үшін шынайы алғысын білдіріп, алдағы уақытта да ЕО мен ҚР арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту бойынша қызмет атқаратынына сендірді.
Айта кетейік, «Достық» ордені Халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін шетел азаматтарына берілетін ҚР Жоғары мемлекеттік марапаты болып табылады. 2019 жылғы 2 шілдеде Ф.Могериниді марапаттау туралы ҚР президентінің №48 Жарлығына қол қойылды.