Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір жас өнерпаздарымызға қолдау қажет, өйткені шығармашылықпен айналысу оңай емес. Биылғы 20 жыдықта аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға қолдау көрсетсек дейміз. Бұл туралы аталған байқаудың директоры Қалкен Қасымбеков Алматыда өткен баспасөз мәжілісінде айтты.
Шығармашылық жастарды қолдап келе жатқан "Достар дауысы" теле байқауына биыл 20 жыл толып отыр. Осыған орай байқау ұйымы баспасөз мәжілісін өткізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жалпы 20 жыл деп айтқанымен бұл жобаның жұмыс істеп келе жатқанына одан көп уақыт болды. Өйткені 1995-1996 жылдардан бастап "Алатау" телеарнасында "Қуырмаш", "Өнерлі бала – сүйкімді", "Әп-бәрекелді" атауларымен шығып жүрді. Қазір "Достар дауысы" халықаралық байқауға дейін жетіп отыр. Бұл бағдарламаның арқасында халықаралық деңгейдегі жас өнерпаздарымыз шықты. Есімі елге танымал Қайрат Нұртас, Шолпан Төлегенова, Мұрагер Сауранбаев, Ақерке Тәжібаева сынды өнерпаздар шығармашылығын осындай байқаулардан бастаған еді, - дейді Қалкен Қасымбеков.
Әнші әрі осы байқауды өткізуге атсалысып жүрген Сағат Әлдекенов бұл байқаудың жас өнерпаздарға берері көп екенін айтады.
Балаларды дайындауға және әділқазы ретінде көмектесіп жүрмін. Осы байқау аясында еліміздің әр облысына барып, дарынды балаларды іріктеп алып, оларды халықаралық байқауларға шығарып жүрміз. Яғни Ресейге, Германия, Болгария және өзге де шетелге таныстырып жатырмыз. Бұл жас өнерпаздардың шыңдалып, өздерін көрсете білуі үшін үлкен мүмкіндік, - дейді Сағат Әлдекенов.
"Достар дауысы" жастар шығармашылық байқауының директоры биылғы 20 жыдықта аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға қолдау көрсетсек деген ойларын білдірді.
Біз өз ішімізден іріктеліп шыққан балаларды шетелдегі түрлі байқауларға апарамыз. Жағдайы жоқ, аз қамтылған отбасыдан шыққан балалардың жолын, басқа да шығындарын өзіміз көтеріп аламыз. Ол үшін біздің Қор құрылған. Ұйым мүшелері шын мұқтаж деп тапқан баланы, әрине, өзіміз апарып отырамыз, - дейді Қалкен Қасымбеков.