Досмұхамбетов: Өңіріміз алдағы жылдары жаңаша серпінмен дамиды

23 Сәуір 2021, 06:49
1528
Бөлісу:
Досмұхамбетов: Өңіріміз алдағы жылдары жаңаша серпінмен дамиды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде онлайн форматта өткізген кеңесінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Аймақ басшысы атыраулықтарға облыстың дамуы Президенттің назарында екендігін айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады.

Өңіріміз алдағы жылдары жаңаша серпінмен дамиды. Оған Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты кешенді жоспар оң ықпал етеді деп сенемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген маңызды құжат 2025 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Ол өңіріміздің ең өзекті мәселелерін түбегейлі шешуге бағытталған, – деді әкім.

Облыс әкімі Президенттің нақты жеті міндет жүктегенін айтты.

Аймақтың даму бағытын саралап, бар проблемалардың шешу жолдарын ұсына келе Мемлекет басшысынан аталған бастамаларға қолдау көрсетіп, шешім қабылдауға ықпал етуін сұрадым. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы аймақты дамытуға қатысты нақты жеті міндет жүктеді. Олар – мұнай-газ өнеркәсі мен автожолдарды дамыту, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау жүйесін нығайту, облысты тұрақты энергиямен, сумен қамтамасыз ету және өңірдің экологиясы, – деп жазды М. Досмұхамбетов.

Сонымен қатар, Президенттің Сарайшықты туристік мекенге айналдыруға қатысты ұсынысқа байланысты Үкіметке визит-орталық құрылысына қаражат бөлу мәселесін дереу шешуді тапсырды деді. 

Сондай-ақ Президент Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоспардың жобасына сай жасалатын ауқымды жұмыстардың бірқатарын атап өткендігін жазды.

Мәселен, 23 мың оқушыға арналған 37 жаңа мектеп салынады. Нәтижесінде үш ауысымда оқыту және мектептердегі орын тапшылығы мәселесі толық шешіледі. Сондай-ақ 3,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 25 мың отбасы баспаналы болады. Мемлекет басшысы бұған қоса жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін бірқатар нысанның құрылысы басталатынын айтты. Көп бейінді аурухана, екі емхана, психикалық денсаулық орталығы, Атырау қаласындағы онкологиялық диспансер жанынан радиологиялық корпус, сондай-ақ ауылдық жерлерде алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсететін 9 нысан салынады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оңалту орталығы бой түзейді. Президент кешенді жоспардың өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені мен туризм саласын дамыту, энергетика сондай-ақ экология сынды өзекті салалардағы қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін айтты. Оны іске асыру үшін 9 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылады. Көбі – жеке инвестиция. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес бюджеттен бөлінетін 800 миллиард теңгеден астам қаражаттың 700 миллиардқа жуығы республикалық бюджеттен қарастырылмақ.

Мемлекет басшысы Үкіметке Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты кешенді жоспарды толықтырып, бір айдың ішінде бекітуді тапсырғандығын айтты.

Маңызды құжат жерлестеріміздің әл-ауқатын арттырып, игілігіне жарарына сенім мол, – деді Атырау әкімі.
Өзгелердің жаңалығы