Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімі Е. Досаев Түрксіб ауданындағы жұмыс сапарын Әлмерек шағын ауданынан бастады, мұнда қазіргі кезде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелер өткір тұр. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жеке тұрғын үйдегі жұмыс істеп тұрған дәрігерлік амбулатория (1980 ж. с.) санитарлық нормаларға сай емес және жөндеуге мүлдем келмейді, ал 300 оқушы орынға есептелген №195 жалпы білім беретін мектеп күн сайын 741 оқушыны қабылдайды. Көшпелі кеңес барысында қала әкімі күн тәртібінде тұрған мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстармен танысты. Жайлы қалалық орта басқармасына мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ағымдағы жылы медициналық нысанның құрылысын жобалауды бастау және басқа да әлеуметтік нысандардың: балабақшаның, спорт және балалар алаңдарының құрылысын одан әрі жүргізу мәселесін пысықтау, сондай-ақ №195 мектепке қосымша нысанның 450 орынды құрылысын жобалау мерзімін жеделдету және ағымдағы жылы құрылысты бастау туралы тапсырмалар берілді.
Тұрғындарды орталықтан сапалы сумен және су бұрумен қамтамасыз ету мақсатында биыл шағын ауданда инженерлік желілердің II кезеңінің құрылысы басталады. Сумен – 287, су бұрумен 519 үйлерді қамту жоспарлануда.
Жұмыс сапары барысында қала әкімі «Авиатор» стадионының аумағын аралап көрді. Спорт нысаны 3 гектар аумақта орналасқан, ал оның басым бөлігі бос. Осыған байланысты дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жобалауды бастау туралы шешім қабылданды, оның секцияларына Нұршашқан, Әлмерек шағын аудандарының, сондай-ақ Әуежай маңындағы тұрғын үй алабының балалары тегін бара алады. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған стадионды жаңғыртуға ерекше назар аударылады: көрермендер трибуналары мен шешінетін бөлмелер, бойынша жұмыстар жүргізіледі, жүгіру жолы салынады, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, қала басшысы Огарев көшесіндегі жұмыс істемейтін бұрынғы ведомстволық балабақшаның аумағын пайдалану жоспарларымен танысты, оның жер көлемі 2 гектардан асады. Қазіргі кезде әрқайсысы 160 орынды мемлекеттік заманауи балабақша мен балалардың даму және шығармашылық орталығының құрылысы жобалануда. Осы шағын ауданда 400-ге жуық бала кезекте тұр, ал мұнда 280 орынды бір ғана №185 мемлекеттік балабақша бар. Осыны ескере отырып, қала әкімі жобалау жұмыстарын ағымдағы жылдың III тоқсанының соңына дейін аяқтау әрі іске асыру бойынша тапсырма берді.
Қайрат шағын ауданында Е. Досаев 41 көппәтерлі тұрғын үйдің, 1500 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептің құрылысымен, емхана мен балабақшаны жобалау барысымен танысты. Ағымдағы жылдың соңына дейін мектепті пайдалануға беру, үйлердің құрылысын аяқтау және ағымдағы жылы емхана мен балабақша бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау жоспарлануда.
Сумен жабдықтау және кәріз мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өткен жылы мұнда сумен жабдықтау және кәріз желілерінің құрылысы бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Алайда, бүгінде 200-ге жуық үй жобаға әлі кірмеген. Қаланың Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына абоненттерді желілерге қосу жұмыстарын үстіміздегі жылдың шілдесіне дейін аяқтау және инженерлік желілердің құрылысына кірісу тапсырылды.
Мегаполис басшысы 30-шы жылдары салынған мемлекеттік тілде оқытатын №59 мектеп-гимназияда болды. Қазіргі кезде жобалық қуаты 860 орынды мектепте 1251 оқушы білім алуда. Ағымдағы жылдың ақпан айында мектеп-гимназияның жанынан қосалқы нысан салу жөніндегі жобалық құжаттама мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алды. Қалалық жайлы орта басқармасына реконструкциядан соң спорт алаңын абаттандыру үшін тиісті аумақты кеңейту тапсырылды, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, қала әкімі ескі үйлерді реновациялау аясында салынып жатқан үйлердің құрылыс барысымен танысты. Сауранбаев, Молдағалиев, Чернышевский, Толстой көшелерінің квадратында 4 үй бұзылып, 3 үй салынды, 7 үйдің құрылысы жалғасуда. Жалпы, Түрксіб ауданындағы 606 үй реновация бағдарламасына жатады, бұл Алматы қаласындағы ескі тұрғын үйлердің жалпы санының 50%-ын құрайды.
Ауданды аралау барысында абаттандыру, соның ішінде Оқушылар үйінің жанында орналасқан скверді реконструкциялау және жаңа рекреациялық аймақтарды құру бойынша жобалар таныстырылды.
Қала әкімі Түрксіб ауданының әкімі Б. Ақжаровтың жұмысын мақұлдады және «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында ауданды одан әрі дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.