Досаев: Кәсіпорындар алдында қомақты салықтық берешегіміз бар

14 Ақпан 2019, 12:10
2685
Бөлісу:
Досаев: Кәсіпорындар алдында қомақты салықтық берешегіміз бар

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР вице-премьері Ерболат Досаев мемлекеттің кәсіпорындар алдында қомақты берешегі бар екенін мәлім етті.

Алдымен Үкімет басшысының орынбасары қарыз мәселесін шешу қажеттігін атап өтті.

«Бізде бұрыннан шешілмей келе жатқан мәселе бар. Ол – жинақталған қарыздар. Яғни қайтырылмаған салықтан түспеген қаржы. Ол әртүрлі болуы мүмкін. Оның мөлшері жылдан жылға өсуде. Оны біз талқылағанбыз. Сондықтан заңнамаға тиісті өзгерістерді енгізіп, белгілі бір уақыт өткеннен кейін оны (қарызды – автор) кешіру керек», - деді Ерболат Досаев қаржы министрлігінің алқа отырысында.

Осы орайда вице-премьер аталған мәселені қалай шешу керектігін айтты.

«Енді ол (қарызы бар – автор) компаниялар болмауы мүмкін немесе компания тиісті құжаттарды бермеуі мүмкін. Сондықтан тиісті мерзімді белгілеу қажет. Осыдан кейін біз тиісті шешімді шығару үшін сотқа бара аламыз. Мен 1 қаңтарға дейін қанша сомма қарыздың жиналғанын білмеймін. Кәсіпорындар алдында қомақты салықтық берешегіміз бар», - деді ол.

Алайда вице-премьер қарыздың нақты мөлшерін айтқан жоқ. Сондай-ақ, Үкімет басшысының орынбасары қаржы министрлігіне арнайы тапсырма берді.

«Аталған мәселеге диагностика жүргізіп, бұл мәселені өзіміз үшін шешейік. Кімге (қарызды – автор) қайтару қажет болса, графикті белгілейік. Ал қалғандарын берешектен алып тастау керек. Тиісті заңнамалық вакуум бар. Ол толтырылмаған. Оны толықтыру қажет», - деп түйіндеді сөзін Ерболат Досаев.

Осыған дейін Қаржы министрі Әлихан Смайылов биыл 123 объект жекешелендірілетінін хабарлаған.

Дәурен Ерболат


Өзгелердің жаңалығы