Дос Көшім: Белгілі бір ұйымдастырушылары, нақты стратегиясы, талабы жоқ шеру ұзаққа бармайды

5 Қаңтар 2022, 14:47
1605
Бөлісу:
Дос Көшім: Белгілі бір ұйымдастырушылары, нақты стратегиясы, талабы жоқ шеру ұзаққа бармайды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Алматыда өткен шеру ұйымдасқан түрде емес, халықтың ашу-ызасымен болған жағдай. Бұл туралы қоғам қайраткері, саясаттанушы Дос Көшім пікір білдіру кезінде айтты.

Саясаттанушы Жаңаөзендегі шеруге қарағанда Алматыда көшеге шыққандарда нақты талап болмағанын, тек билікке деген наразылығын көрсету үшін шыққандарын айтады.

Халық қымбатшылықтан және 30 жылдық биліктен шаршаған шығар. Сондықтан халық арасында белгілі бір қарсылық көрсету болады. Бұны саяси қарсылық немесе ұйымдасқан түрдегі саяси талап деп қабылдағым келмейді. Иә, Ақтауда, Жаңаөзенде нақты талаптар қойылды. Сол талапты қоятын адамдар белгіленді. Үкіметтік комиссия келгенде сол адамдар мәдениетті түрде куеліссөз жүргізді және соған дайындық болды.  Өзге өңірлерде болған көтерілу халықтың ашу-ызасы, ренішінің көрсетілуі,-деді саясаттанушы. 

Сонымен қатар ол жергілікті атқарушы органдар бұрыннан халықты тыңдап, олармен келіссөз жүргізе білгенде шерушілер қазіргідей тәртіпсіздікке бармас еді деген ойын айтты.

Халық көкейіндегісін айтқысы келіп митингке шықса билік бір тәсілді ғана қолданып келді. Тәртіп сақшылары бұйрықпен алаңды қорғайды. Жиналған адамдарды алып кетеді. Диалогқа бару, олардың ұсынысын тыңдау мәдениеті әлі қалыптасқан жоқ. Оны қалыптастыру үшін осы уақытқа дейін митингке рұқсат берілу керек еді. Сол кезде адамдар шеруге шығудың мәдениетін үйренер еді. 1990-1991 жылдары 20-ға жуық митинг ұйымдастырдық. Ол кезде бір шөп қисайып, терезе сынып көрмеді, бізде мәдениет болды. Кейін митинг өткізуге тыйым салып, оны қалай өткізу керегін білмейтін деңгейге жеттік,-дейді Д. Көшім.

Сонымен қатар ол ел Үкіметі Тоқаевтың инфляцияны ауыздықтау жөніндегі тапсырмасын орындай алмағанын жеткізді.

Соңғы жылдардағы қауіпті індеттің салдары, азық-түлік бағасының қымбаттауы барлығы халықты титықтатып жіберді. Президент үкімет елдегі инфляцияны ауыздықтай алмағанын айтып, біліп отыр, соны бұған дейін таратуы керек еді,-дейді ол.

Сонымен қатар ол Алматыда әлі де жалғасып жатқан шерулердің арты не болады деген сұраққа жауап берді.

Белгілі бір ұйымдастырушылары, нақты стратегиясы, талабы жоқ шеру ұзаққа бармайды. Ол қарсылыққа ұшырайды. Тәртіп сақшылары оны 1-2 күнде тоқтатады. Қазір төтенше жағдай енгізілді. Оның үстіне бұл шерудің республикалық деңгейдегі ұйымдастырушылары жоқ, оны бастайтын құрылым жоқ. Ол партия, не  қозғалыс болуы керек.  Бұл шерушілер үшін де, билік үшін де қажет нәрсе. Қазір билік кіммен сөйлесетінін, қандай нәрсеге келісетінін білмей отыр. Тіптен, комиссияға кімді кіргізу керегін биліктің өзі де білмей отыр,-дейді саясаттанушы.

Оның ойынша, саяси партияларды тіркеудің қиындығынан халық осылай бейберекет көшеге шығып кетіп жатыр. Себебі халық ішінен шығатын құрылымдарды заңдастыратындай ешқандай реформа жасалмаған. 

Мәселен, партия, сайлау жөнінде ешқандай реформа болмады. Сондықтан халық тек көшеге шығып, күш қолдануымыз керек деген ойға кетеді. Осыған дейін демократиялық институттар орнағанда мынандай жағдай болмас еді. Болғанның өзінде мәдениетті түрде болар еді,-дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы