Донор болу денсаулықты жақсартады – трансфузиолог дәрігер

3 Желтоқсан 2021, 13:33
3484
Бөлісу:
Донор болу денсаулықты жақсартады – трансфузиолог дәрігер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қанға тіршілік тәуелді. Бүгінгі таңда ел аумағында елiмiзде қан қызметi саласында жұмыс iстейтiн 18 орталық бар екен. Ал жыл сайын республикада 220 мың донор қан тапсырады, 280 мыңға жуық донация, яғни қанды бiрнеше рет тапсыру жүзеге асырылады.

Ал Нұр-Сұлтанда жылына 36 мың донор қан тапсырады. Елордадағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы бас қаладағы 23 медициналық ұйымды қан және оның компоненттерімен қамтамасыз етіп отыр. Осы және өзге де ақпаратпен орталықтың трансфузиолог дәрігері Зәуреш Әлменова сұхбат барысында бөліскен болатын.

- Кімдер қан құюға мұқтаж болады? Кімдер қанды тұрақты негізде қажет етеді?

- Қан – бұл басқа адамға беруге болатын ең құнды нәрсе. «Донор» сөзі латын тіліндегі «donare – сыйлау» деген сөзден шыққан! Сондықтан донор бола отырып, сіз адамдарға өмір сыйлайсыз. Себебі сіздің қан тапсыру жөніндегі шешіміңіз қаныңыздан жеке компоненттер – эритроциттер, тромбоциттер және плазма бөлінген жағдайда бір немесе тіпті, бірнеше адамның өмірін сақтап қалады, оларды компоненттерді белгілі бір аурулары бар науқастар үшін де жеке пайдалануға болады.

- Елімізде қан доноры болу үшін қандай талаптар бар?

- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жасы 18-ге толған, донорлыққа қарсы көрсетілімдері жоқ, салмағы 50 келіден асатын кез келген дені сау адам донор бола алады. Олардың жоғарғы жасын шектемеймiз. Оны терапевт-трансфузиолог анықтайды. Адамның денсаулығы жақсы болса, 60 жастағы азамат та қан тапсыра алады. Бiрақ оларға донация саны бойынша шектеу қойылады. Бiз егде жастағы донорлардан электр кардиограммасын, терапевт қорытындысын талап етемiз. Жалпы қан тапсыру үшiн ең қолайлы кезең – 20-40 жас аралығы болып табылады.

- Қандай жағдайда қан алуға болмайды?

- Кез келген адам қан тапсыра алмайды. Жұқпалы аурумен ауырғандар, мысалы, сифилис, туберкулез, вирустық гепатитке шалдыққандар, онкологиялық және жүрек-қантамыр ауруларымен ауырғандардан қан алынбайды. Ал тұмау жұқтырғандардан қан жазылған соң 2-3 апта өткеннен кейін ғана алынады.

- Яғни донор болғысы келетін адамға қойылатын нақты қарсы көрсетілімдер бар ғой?

- Иә. Қарсы көрсетілімдер уақытша және тұрақты (абсолютті) болып бөлінеді. Бұл туралы әр адамның білгені жөн. Себебі ол кейін болса да донор боламын деген шешімді қабылдайды.

Абсолюттік қарсы көрсетілімдер – дәрігер донорлықтан бас тартуды ЖИТС, туа біткен немесе жүре пайда болған АИТВ-инфекциясын тасымалдаушылық, мерез, вирустық гепатиттер, туберкулездің барлық түрлері, бруцеллез, бөртпе сүзек, сондай-ақ паразиттік аурулардың түрлері сияқты жұқпалы аурулардан емдеудің нәтижелеріне және ескіруіне қарамастан тіркеу жағдайлары. Қатерлі ісік, психикалық бұзылыстары, қан аурулары және орталық жүйке жүйесінің органикалық аурулары бар, нашақорлық және алкоголизм дерттеріне шалдыққан, сонымен қатар толық естімейтін және сөйлемейтін адамлдар жіберілмейді. Донацияға жүрек-қантамыр аурулары, тыныс алу органдары, АІЖ мүшелері, бауыр және өт жолдары патологиясы, декомпенсация сатысындағы бауыр, бүйрек және несеп шығару жолдарының созылмалы аурулары, сәуле ауруы бар азаматтар мүлдем жіберілмейді. Қан донорлығына абсолюттік қарсы көрсетілімдер тізбесіне функциялардың және зат алмасуының айқын бұзылуы, ЛОР-ағзаларының аурулары, күрделі көз аурулары, терінің қабыну және жұқпалы сипаттағы бірқатар аурулары, жіті және созылмалы остеомиелит жатады. Бұл тізімге қандай да бір ағзаның резекциясына қатысты операциялық араласулар да кіреді.

Абсолюттік қарсы көрсетілімдерден басқа уақытша болатын қарсы көрсетілімдер де бар. Олар да медициналық шеттету үшін, яғни донациядан шеттетуге негіз бола алады. Осылайша, татуировкасы бар немесе ине шаншумен емделген жағдайда емшара аяқталған сәттен бастап 4 айға шеттетіледі. Ұзақтығы 2 айдан астам шетелдік іссапарларда болған адам донорлыққа оралғаннан кейін 6 ай өткеннен кейін ғана жіберілуі мүмкін. Тропикалық және Азия, Африка, Оңтүстік және Орталық Америка сынды субтропикалық климатты безгек бойынша эндемиялық елдерден іссапардан оралса, 3 жылға дейін донор бола алмауы мүмкін. Қан донорлығына гепатитпен ауыратын пациентпен байланыста болған адам уақытша жіберілмейді.

- Донор болғысы келген адам қалай тексеріледі?

- Мемлекеттік деңгейде қан донорлығын дамыту мәселелері толығымен қан қызметіне жүктелген. Өтеусіз, әсіресе, тұрақты донорлық жүйесі болмаған жағдайда бірде-бір ел құю тағайындалған пациенттер үшін жеткілікті қан көлемін қамтамасыз ете алмайды. Гемотрансфузиялар немесе өндірістік пайдалануға арналған қауіпсіз донорлық қанды, оның компоненттері қорының жеткілікті көлемін жасау донорларды іріктеу және қанды алу, алынған донорлық қанды өңдеу және тестілеу рәсімдерінен бастап пациенттердің қан үлгілерін зерттеуге дейінгі бірқатар процесті қамтиды. Донорлық қанның инфекцияға зертханалық скринингі барынша қауіпсіз трансфузияны қамтамасыз ету процесінің маңызды құрамдас бөлігі және сол арқылы қан дозасының инфекцияның ерекше маркерлеріне реактивтілігінің бар-жоғын анықтауға болатын кезең болып табылады. Алайда донорлық қанды зертханалық зерттеу алдында донорға алдын ала дәрігерлік тексеру және әңгімелесу жүргізіледі.

Дәрігердің донормен сұхбаты және дәрігерлік тексеру, сондай-ақ донордың қанын одан әрі зертханалық зерттеу қанды тапсыру алдындағы бастапқы және міндетті процедуралар. Сондықтан өзіңіздің ауруларыңызды дәрігерден жасырмағаныңыз жөн. Оның сұрақтарына да, сауалнаманың сұрақтарына да шынайы жауап беру керек. Трансфузиолог дәрігері донор сауалнамасының деректерін ескере отырып, анамнезді егжей-тегжейлі жинауды, тері қабатын, көрінетін сілемейлі қабатты, склераны, лимфа түйіндерін және кеуде қуысы органдарын пальпациялауды, кеуде қуысы органдарын аускультациялауды, донордың психоневрологиялық мәртебесін бағалауды жүзеге асырады. Егер донорды тексеру және оның медициналық анамнезін жинау, денсаулықтың жалпы жай-күйін, сондай-ақ оның өмір салтын бағалау кезінде нашақорлыққа немесе қанмен берілетін инфекциялық ауруларды жұқтыру қаупіне әкелетін мінез-құлықтың бар болуына күдік туындаған жағдайда, донор қан мен оның компоненттерінің донорлығынан шеттетіледі.

Донорлықтың түрі, қанды немесе оның компоненттерінің алынатын көлемін көрсете отырып, қанды немесе оның компоненттерін беруге жіберілген донордың денсаулық жағдайы туралы деректер тиісті медициналық құжаттамаға енгізіледі және «қан беруге, плазмаферезге және т. б. жолдау» ресімделеді.

Осы жүйелі процесті өтудің негізгі мақсаты – донордың өзі және донорлық қанға мұқтаж адамдар үшін қауіпсіз донорлық.

- Елордада қанның ай сайынғы қажеттілігі қандай?

- Қанды тұрақты негізде жеткізу керек, өйткені ол шектеулі уақыт қана сақталады. Қауіпсіз қан әрдайым және барлық жерде қолжетімді болу үшін орталығымызға дені сау адамдардың жеткілікті саны үнемі қан тапсыру керек. Былайша айтқанда, күніне шамамен 120-150 донор қажет. Бiз қан мен компоненттердiң қауiпсiздiгiне 100 пайыз кепiл бере аламыз.

- Алынған қан қанша уақыт сақталады?

- Өкінішке қарай, қан компоненттерін сақтау мерзімі өте шектеулі. Мәселен, тромбоциттер 5-7 күн ғана, эритроциттер 42 күн сақталады. Тек плазманы ғана 2 жыл сақтауға мүмкіндік бар. Сондықтан донорлардың тұрақты түрде келуі маңызды.

- Қан орталығы үнемі донорларға мұқтаж. Бұл немен байланысты?

- Қауіпсіз қан адам өмірін сақтайды және денсаулықты жақсартады. Қан құю: жүктілігінде жатырдан тыс жүктілік, босануға дейін, босану кезінде және одан кейінгі қан кету сияқты күрделі жағдайға тап болған әйелдер; күрделі анемиясы немесе онкогематологиялық аурулары бар балалар; жазатайым оқиғалардың нәтижесінде ауыр жарақат алған адамдар; хирургиялық операциялар жасалатын және онкологиялық ауруларға шалдыққан көптеген пациенттер үшін, ағзаны транспланттау жүргізілетін пациенттер үшін қажет.

Бiзде бiр емес, бiрнеше рет ерiктi түрде әрi тегiн қан тапсыратын донорлар саны артып келедi. Бұл көрсеткiштер күрделi оталарды қамтамасыз ету үшiн жеткiлiктi. Бiз қанды арнайы көлiкпен және контейнерлермен жөнелтемiз. Қазiргi таңда елорда мен Алматыда ағза трансплантацияланады, олар мiндеттi түрде трансфузиологиялық терапиямен қамтылады. Бiздiң қан компоненттерсiз ешбiр күрделi ота жасалмайды. Сондай-ақ қан жол апатынан зардап шеккендерге, жан сақтау бөлiмдерiне жiберiледi. Ересектер мен балалар өмiрi үшiн күресiп жатқан онкогематология бөлiмдерi де күн сайын тромбоциттер алып отырады. Олар бiздiң компоненттерсiз өмiр сүре алмайды.

Ерiктi донорлар туыстарына немесе бөтен адамдарға көмектесу үшiн қан тапсырады. Олардың көбi адамдарға көмек көрсетiп, жақсылық жасауды ғана көздейдi. Кейбiреулер толық тексерiлу үшiн қан тапсырады. Себебi, орталыққа келген донорлар мұқият тексеруден өтедi. Олар трансфузиялық инфекцияларға тексерiлiп, гемоглобин мөлшерi мен қан тобын бiлiп, терапевт маманға қаралады.

- Қан тапсырудың денсаулыққа пайдасына тоқталып өтсеңіз?

- Орталықта қан тапсырғандар бiзде қауiпсiз екенiн көрiп, қайта келiп жатады. Донорлардың күш қуаты артып, көңiл күйi жақсарады. Негiзi, қан тапсырудың ешқандай зияны жоқ, ол керiсiнше, денсаулыққа пайдалы. Себебi тұрақты түрде қан тапсыратындардың қан жүйесi жаңарып, олардың миокард инфарктiсiн алу қаупi 30%-ға төмендейдi. Әйел адамдарда тері қабықтары біркелкі болады.

- Әйелдер мен ер адамдар жылына неше рет қан тапсыруына болады?

- Ер адам жылына 5-6 рет, ал әйелдер 4 рет қан тапсыра алады. Қан 450 миллилитрден тапсырылады. Бұл мөлшер денсаулыққа еш әсер етпейдi.

- Донорларға қандай жеңілдіктер қарастырылған?

- Жаңа айтып өткенімдей, әрбір қан тапсырушы тегін донорлық медициналық тексерістен өтеді. Заң бойынша тапсырылған қанның көлемі мен ағзаның күшін қалпына келтіру үшін сыйақы немесе жұмыс орнынан 2 күнге жалақысы сақталатын демалыс алуға анықтама беріледі.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы