Домбырашылар өнері Гиннестің рекордтар кітабына енді

5 Шілде 2020, 14:53
3064
Бөлісу:
Домбырашылар өнері Гиннестің рекордтар кітабына енді

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық домбыра күні қарсаңында жеткен сүйінші хабар. Амангелді ауданында 1000 домбырашы қатысқан былтырғы мерекелік іс-шара Гиннестің рекордттар кітабына енгізілді.

Мың домбырашы "Балбырауын" және "Келіншек" күйлерін орындаған болатын. Оркестрге жергілікті музыка маманы Олжас Қылдыбаев дирижерлік жасады.

Былтырғы мерекелік іс-шарадан түсірілген фото, бейне құжаттарды рекордтарды тіркейтін ұйымның Ресейдің Сочи қаласындағы филиалына жібердік. Олар адамдарды санап, бәрін мұқият тексерді. Рекордқа негіз болған басты критерий – 17 мың ғана халқы бар ауданнан мың домбырашының шығуы. Міне, қуанышты хабар енді ғана қолымызға тиіп отыр. Бұл іс-шараны жалғастырамыз, домбырашылар санын мыңнан асырамыз деп жоспарлап қойғанбыз. Оған өнерпаздарымыз да дайын еді. Бірақ, елдегі жағдайға қарайласып, оны кейінгі шегеруге тура келді, - дейді Амангелді ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлыбек Тәжин.

Биылғы мерекеде аудан домбырашылары бес күй орындауға дайындық жүргізген. Оркестр құрамында 5-сынып оқушылары мен 90 жасқа дейінгі қария да бар.

Нұрлыбек Тәжиннің айтуынша, ауданда жыл басынан бері "Әр үйге - бір домбыра" акциясы жүргізілген. Тұрғындар бір-біріне домбыра сыйлап, жас ұрпаққа ұлттық аспаптың мән-маңызын түсіндірген. Акция қорытындысы Ұлттық домбыра күнінде шығарылуы тиіс еді. Карантинге байланысты ол да белгісіз мерзімге шегерілді.

Өзгелердің жаңалығы