Доллардың дәуірі аяқталуға жақын ба? Таяу Шығыстағы дағдарыс юаньның бағын жандырды

Халықаралық есеп айырысуда қытай валютасының ықпалы біртіндеп артып келеді.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 11:01
Бүгiн 2026, 11:01
215
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың күрделенуі аясында халықаралық нарықта доллардан өзге валюталарға қызығушылық артып келеді. Әсіресе юаньмен есеп айырысу көлемі көбейіп, қытай валютасының ықпалы жиі талқылана бастады. Қаржы сарапшылары доллардың әлемдік қаржы жүйесіндегі орны әзірге берік екенін айтқанымен, юаньның да халықаралық нарықтағы үлесі біртіндеп өсіп келе жатқанын алға тартады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

АҚШ пен Иран арасындағы созылып кеткен текетірес кей елдердің юаньмен есеп айырысуға көшуін жеделдете түсті. Сарапшылардың пікірінше, егер АҚШ алға қойған мақсаттарына жете алмаса, бұл үдеріс доллардың халықаралық есеп айырысудағы ықпалын әлсіретуі мүмкін.

Қытай экономикасы жылдам өсіп келеді. Соған сәйкес олардың валютасы да күшейіп жатыр. Қазір Қытай экономикасының көлемі жалпы ішкі өнім тұрғысынан АҚШ-пен шамалас деңгейге жетті. Сондықтан Қытай дами берген сайын өзара есеп айырысу көлемі де арта береді. Бұл бір-екі жылдың ішінде бола қоятын нәрсе емес, оған ондаған жыл керек. Оның үстіне бәрі Қытай экономикасының қалай дамитынына байланысты. Өйткені ол жақта да тәуекел аз емес, – дейді экономист, R-Finance компаниясының қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов.

Сарапшылардың пайымынша, алдағы уақытта әлемде бір ғана валютаның толық үстемдігі сақталмауы мүмкін. Оның орнына доллар, еуро, юань және өзге де валюталар халықаралық нарықта үлеске қарай ықпал ететін көпполярлы қаржы жүйесі қалыптасуы ықтимал. Алайда мұндай өзгерістер бірден болмайды, оған ондаған жыл қажет екені айтылады.

Юань халықаралық нарықтағы позициясын нығайтып келе жатқанымен, оны доллардың толыққанды баламасы деуге әлі ерте. Сарапшылардың айтуынша, қытай валютасының күші ел экономикасы мен саяси жүйесінің жағдайына тікелей тәуелді. Ал доллар ондаған жыл бойы қалыптасқан сенім мен мықты институттардың арқасында әлі де әлемдік қаржы жүйесінде басымдыққа ие болып отыр. Қаржы сарапшылары алдағы жылдары резервтік валюталардың жаңа жүйесі қалыптасуы мүмкін деп есептейді.

Соған қарамастан юаньның ықпалы біртіндеп артып келеді. Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елінде ол есеп айырысуда жиі қолданылып, банктік жүйелерде сақтала бастады. Алайда әлемдік деңгейде толық үстем валютаға айналуына әлі уақыт керек.

Наверх