Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстанда демалыс, биржалар жабық, сондықтан ақша курсы қандай болуы керек екенін түсіну қиын. Ертеңгіге Ұлттық банктің алдында екі нұсқа бар. Бұл туралы Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры Олжас Төлеуов айтты.
Бүгін эокономист Рахым Ошақбаев "Хабар 24" телеарнасында доллар бағасының күрт көтерілуіне орай тікелей эфирде дөңгелек үстел өткізді. Оған Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры Олжас Төлеуов және Radius Advisory Lab компаниясының серіктесі Тимур Әбілқасымов қатысып, мұнай бағасы мен доллар бағамына қатысты пікірлерімен бөлісті.
Олжас Төлеуовтің айтуынша, мұнай бағасының бұлай құлдырауы 1991 жылдан бері болмаған.
Мұнай бағасының бір күнде күрт төмендеуі баға соғысына байланысты орын алды. Бұл мұнай өндіруді төмендетуге Ресейдің көнбеуіне қарсы жасалған шара. Айналып келген бұл жағдай барлығына әсер етуде, оның ішінде ақша, қаржы нарығына да, - дейді ол.
Сондай-ақ, ол бүгін Қазақстанда демалыс, биржалар жабық, сондықтан ақша курсы қандай болуы керек екенін түсіну қиын екенін жеткізді.
Ертең Ұлттық банктің алдында екі нұсқа бар. Біріншісі Ұлттық банк курсты 385-390 деңгейінде ұстап тұрады. Ол үшін қор, ресурс та жеткілікті. Бұл жағдайда теңге рубльге қарсы күшейе түспек. Екіншіден, Ұлттық банк курсты еркін айналымға жіберуі мүмкін, бұл қалыпты тренд. Бұл жағдайда доллар теңгеге шаққанда 400 теңгенің айналасында болуы мүмкін, - дейді ол.
Ал Radius Advisory Lab компаниясының серіктесі Тимур Әбілқасымов әлем елдері бұл жағдайға бір күнде келмегенін, бұл әлемдік экономикадағы бұрыннан қордаланып қалған мәселелердің шыға бастағаны деген ойын білдірді.
Алдағы уақытта мұнай өндіру көлемі арта бермек, оның үстіне өткен жылы басталған сауда соғысын да ескеруіміз керек. Қытайдың корпоративтік қарызы да өсіп келеді. Мұның барлығы дағдарыстың бұрыннан болғанын көрсетеді, сондықтан экономика мен қор нарықтары қайта қарауды қажет етеді, - дейді ол.
Сөз арасында ол Ұлттық банктің қазіргі курсты ұстап тұруға қоры бар екенін және мұнайдың бірер күнге төмендеуі бізге қауіп төндіре қоймайтынын айтты.
Біз ұзақ мерзімді бағаға қарауымыз керек. Алдағы 1,5-2 ай бойы мұнай бағасы 20 доллар көлемінде болса, бұл экономикамыз үшін нағыз апат болады, - дейді ол.