Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан "Doing Business" әлемдік рейтингінде Австрия, Жапония, Испания, Франция, Швейцария және ТМД елдерін артқа қалдырып, 25-орыннан көрінді. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика вице-министрі Жаслан Мәдиев ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг кезінде айтты.
Жиын барысында ол Қазақстан "Doing Business" әлемдік рейтингінде 3 сатыға жоғары көтеріліп, дүниежүзінің 190 елінің арасында бизнесті жүргізу бойынша ең үздік Топ-25 қатарына кіргенін айтты.
"Қазақстан 79,6 балл алып, 25-орыннан көрінді. Алдымызда Германия тұр. Қазақстан Австрия, Жапония, Испания, Франция, Швейцария және ТМД елдерін артқа қалдырды. Балл саны бойынша біз Канада және Ирландиямен қатар тұрмыз, олар 23 пен 24-орынға жайғасқан. Бұл жылдан-жылға бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған үкіметтік шаралардың пәрменділігін айқын көрсетті. Қабылданып жатқан шаралар кәсіпкерлік әлеуетін көтеруге, бизнес ахуалды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Іскерлік ахуалды жақсарту шағын және орта кәсіпкерліктің өсуін қамтамасыз етеді. Бұл елдің экономикалық өсуіне және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді", - деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол 2019 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша елімізде 1,6 млн шағын және орта бизнес субъектісі тіркелгенін, ал ШОБ-та жұмыс істеп жүргендер саны 3 миллионға жуықтағанын жеткізді.
"Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі қаңтар-маусым аралығындағы елдің ЖІӨ-нің 28,5%-ын құраған. Біз бұл көрсеткішті 2025 жылға дейін 30 пайызға дейін, ал 2050 жылы 50% жеткізуді көздеп отырмыз", - деді ол.
Оның айтуынша, еліміздің әлемдік рейтингте жоғары көрсеткішке қол жеткізуіне шағын және орта бизнеске қолайлы орта жасалып, оларды қадағалау ісіне мораторий жариялануы септігін тигізген.
"Қазір еліміздегі ШОБ субъектілеріне кепілдендірілген несие, гранттар және тағы басқа жеңілдіктер жасалуда. Оның үстіне "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасын іске асыруға 2010 жылдан бері 436 млрд теңге бөлінді. 2019 жылы 51,3 млрд теңге бөлу қарастырылды", - деді ол.