Отбасымды сағындым, бірақ үйге баруға қорқамын – дәрігер

14 Сәуір 2020, 17:02
3617
Бөлісу:
Отбасымды сағындым, бірақ үйге баруға қорқамын – дәрігер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Отбасымды сағындым, үйде 80 жастан асқан анам, балаларым мен жан жарым тосып отыр. Осы қиын жағдайды жеңіп шығып, отбасымызбен қауышуды жазса екен. Бұл туралы Қарасай аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Сәуле Барақбаева тілдесу барысында айтты.

Дәрігер коронавирус жұқтырғандармен тікелей жұмыс істегендіктен жұмыстан соң үйге бармай, карантин бөліміне баратынын айтты. 

Үй бетін көрмегелі жиырма күннен асты, тіптен үйге баруға қорқамыз. Отбасымды сағындым, үйде 80 жастан асқан анам, балаларым мен жан жарым тосып отыр. 6-сынып оқитын кіші қызыммен күнде видеоқоңырау арқылы сөйлесіп отырамын. Осы қиын жағдайды жеңіп шығып, отбасымызбен қауышуды жазса екен, - дейді дәрігер. 

Сәуле Барақбаева дәрігерлерге берілген үстемеақыны бірінші санат бойынша алған. Дегенмен, басты парызым халықты емдеу дейді.

Бастапқыда коронавируспен түскен науқастарды емдеуге ақша, қандай да бір "үстемеақы аламыз" деп келгеніміз жоқ. Басты міндетіміз, борышымыз - адамдарды емдеу. Кейіннен Үкімет дәрігерлерді қолдап, қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Бөлімдегі медицина қызметкерлерінің бәрі алды, оған қуаныштымыз, - дейді ол. 

Дәрігер сөз арасында бүгін Қаскелеңдегі аурханадан бесінші адам жазылып шыққанын айтты. 

Бізде қазір коронавирус анықталған тағы төрт адам ем қабылдауда, олардың жағдайы қанағаттанарлық. 14 күн емдеген соң, қан сараптамалары тексеріледі. Егер нәтижесі теріс болса, шығарылады. Біздегілердің бәрі қауіпті инфекцияны жұқтырғандар. Ал олармен байланыста болып, карантинге жабылғандар Шамалғандағы ауруханаға жіберілуде, - дейді ол. 

Оның айтуынша, вирус жұқтырған адамның дене қызуы көтеріледі, әлсіздік болады, кішкене басы аурады, тамағы ауырып, құрғақ жөтел болады. Мұндай кезде міндетті түрде медицина қызметкерлеріне хабарласу қажет. Сол кезде ғана бұл пандемияны жеңуге болады екен.

Адамдар өзін-өзі оқшаулап, карантин режимін сақтаса екен дейміз. Бұл індет халыққа тарап кетпеуі керек, сол үшін бәріміз бірге күресуіміз қажет. Бұл өте ұзақ жүрмейтін вирус, киімде, пластмассада әрі кетсе 7-8 күн болады. Осы аралықта адамдар үйде отыра тұрса, бетперде киіп жүрсе, бұл ауруды жеңіп шығамыз. Егер коронавирустың қандайда бір белгілері шыға бастаса, үйде емделмей дәрігерге хабарласу қажет. Өйткені бір науқас көптеген адамға жұқтыруы мүмкін, - дейді дәрігер.
Өзгелердің жаңалығы